Ауыл шаруашылығы министрлігі бұқашықтар мен қошқарлардың экспортына квоталарды енгізді
Ауыл шаруашылығы министрлігі бұқалар мен қошқарларды әкетуге алты ай мерзімге квота енгізді. «Қазақстан Республикасының аумағынан ауыл шаруашылығы жануарларын әкетудің кейбір мәселелері туралы» бұйрық 29 сәуірде жарияланды.
12 айдан асқан бұқашықтарды әкетуге шектеулер 60 мың бас мөлшерінде белгіленді, оның ішінде бордақылау алаңдарын 40 мың бас, ал тауар өндірушілер – 20 мың бас экспорттай алады.
Төрт айдан асқан қошқарлардың экспортына квота 120 мың басты құрайды: бордақылау алаңдары мен тауар өндірушілер үшін 60 мыңнан.
Сонымен қатар, бір алаңнан немесе шаруашылықтан малды әкетуге шектеулер белгіленді: бордақылау алаңының қуатының 30%-дан аспайды және квотаның бүкіл қолданылу кезеңінде бір тауар өндіруші үшін 500 бастан (ІҚМ немесе ұсақ мал) аспайды.
Бұл ретте қуаттылығы 13 мың бас ірі қара мал бордақылау алаңдары үшін бұқашықтарды әкетуге арналған шектеу 4 мың бастан аспауға тиіс. Қуаттылығы 5 мың бас ірі қара мал және одан да көп алаңдар үшін қошқарларды әкетуге арналған шектеу 1,5 мың баспен шектелген.
Естеріңізге сала кетейік, тірі малды әкетуге жаңа квоталар енгізу туралы шешім 12 наурызда Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) отырысында қабылданды. Сонымен қатар, сәуір айында ВАК жаңа шешім қабылдады: бұқашықтарды экспорттауға үш айға тыйым салу. Тыйым жыл басынан бері 11,9%-ға жеткен сиыр етінің бағасының күрт өсуіне негізделген. Экспортқа тыйым салу туралы жаңа бұйрық әлі әзірленбеген.