Қарағанды облысының тұрғындары шалғайдағы жайылымдармен қамтамасыз етілді
Қарағанды облысының Осакаров ауданында екі жылдан бері жергілікті тұрғындарды жайылымдық жерлермен қамтамасыз етуге арналған «Жайлау» жобасы сәтті жүзеге асырылуда. Оның алғашқы пайдасын Сарыөзек, Қарағайлы және Озерный ауылдық округтерінің тұрғындары сезінді. Онда жайылымға 10 500 га жер бөлінді. Бұл туралы аудан әкімдігінде хабарлады.
«Жайылымдар мен шабындық алқаптардың жетіспеушілігі біздің ауданда ғана емес, барлық жерде байқалады. Аудан тұрғындары бұл мәселені үнемі көтеріп отырады. Біз пайдаланылмайтын жер учаскелерін қайтару бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз, сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен жер учаскелерін беру туралы меморандумдар жасаймыз», - деді Осакаров ауданы әкімінің орынбасары Береке Есіргепов.
Барлық жайлауда ұңғымалар бұрғыланды, вагондар, мал суаруға арналған ыдыстар орнатылды және генераторлар сатып алынды.
Өткен жылы жоба Шідерті ауылдық округіне қарасты жерлерге жүзеге асырылды. Меморандум негізінде «Тайбұрыл-НК» ЖШС өзінің жайылымдық учаскелерінің біріне 2000 га аумақты берді. Мұнда қазір Ақбұлақ ауылдық округі, Молодежный елді мекені және Шідерті ауылдық округінің тұрғындары мал бағуда.
Нияз ауылдық округінде ауданы 3100 га жайылым ұйымдастырылды. Биыл «Жайлау» жобасы Есіл ауылдық округінде де іске асырылды. Көктемде 3,5 мыңнан астам мал жайылымға шығарылды.