1 тамыздан бастап мал шаруашылығын 50 млрд теңгеге жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы басталады
Қазақстанда 1 тамызда мемлекеттік қолдаудың жаңа құралы - мал шаруашылығы саласында жылдық 5%-бен 50 млрд теңге сомаға жеңілдікпен несие беру бағдарламасы басталады. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров АӨК-тің бірінші жартыжылдықтағы даму қорытындылары бойынша кеңейтілген кеңесте мәлімдеді, деп Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ол бағдарламаның қолжетімділігін арттыру үшін бордақылау алаңдарына қойылатын талаптар қайта қаралғанын - ең төменгі қуаттылықтар төмендетілгенін атап өтті. Сонымен қатар асыл тұқымды мал сатып алу бойынша «Игілік» бағдарламасы іске қосылады.
«Өткен жылы фермерлер экономиканың барлық салалары арасында рекордтық өнім мен ФКИ-нің ең жоғары өсімін қамтамасыз етті. Бүгінгі таңда қаржыландыру бағдарламалары кеңейіп, мемлекеттік қолдау күшейіп келе жатқанда, біз қарқынын төмендетуге құқығымыз жоқ. Барлық деңгейде нақты үйлестіру және жеке жауапкершілік қажет», - деді Айдарбек Сапаров.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың айтуынша, бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша АӨК жалпы өнімінің көлемі 1,8 трлн теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,7%-ға жоғары. Өсім мал шаруашылығында (+3,2%), сондай-ақ өсімдік шаруашылығында (+14,5%) көлемдердің ұлғаюымен қамтамасыз етілген.
Белгіленген өсу қарқынын қамтамасыз етпейтін өңірлер қатарында Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстары аталған. Сондай-ақ, Жамбыл, Жетісу және Алматы облыстарының тамақ өнеркәсібінде өндіріс көлемінің төмендеуі тіркелді.
Әкімдіктерге өнеркәсіптік кәсіпорындармен жұмысты күшейту, тоқтап тұрған қуаттарды іске қосуды қамтамасыз ету және инвестициялық жобалардың іске асырылуын тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды.
«1 тамыздан бастап Ұлттық ауылшаруашылық санағы басталады. Бұл саланың жай-күйінің сенімді бейнесін қалыптастыру үшін стратегиялық маңызы бар. Ауыл шаруашылығы өндірушілерін 100% қамтуды, өңірлерде белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын қамтамасыз ету қажет», - деді Азат Сұлтанов.
Облыс әкімдері орынбасарларының назары көкөніс қоймаларын салу және жаңғырту жөніндегі кешенді жоспарды іске асыруды, СҚО тәжірибесін тираждау бағдарламасы бойынша қаражатты игеруді, минералды тыңайтқыштарды уақтылы енгізуді, элеваторларды жинау науқанына дайындауды қоса алғанда, басқа да негізгі бағыттарға аударылды.
Кеңес қорытындысы бойынша өңірлерге іс-шаралар жоспарларын қысқа мерзімде өзектендіру, бөлінген қаражаттың игерілуін бақылауды қамтамасыз ету, мемлекеттік аграрлық саясаттың барлық негізгі бағыттары бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен жұмысты жандандыру тапсырылды.