Қазақстанда тоқтыларды әкетуге квота ұзартылады
Қазақстанда 120 мың бас көлемінде тоқтыларды әкетуге квота алты айға ұзартылады. Бұйрықтың тиісті жобасын еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі дайындады.
«Бұйрық жобасында Қазақстан Республикасының аумағынан үшінші елдерге және Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне тірі қойлар мен ешкілерді әкетуге (Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасының коды 0104) төрт айдан асқан 120 мың бас тоқты санына 6 ай мерзімге сандық шектеулер (квоталар) енгізу көзделген», - делінген құжатта.
Ауыл шаруашылығы министрлігі еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ отандық қайта өңдеу кәсіпорындарын жүктеу мақсатында шектеулер енгізіліп жатқанын атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда ірі қара мал мен ұсақ мал басын әкетуге тыйым салынған. Сондай-ақ бұқашықтарды экспорттауға тыйым салынып, сиыр етін экспорттауға шектеу қойылды.