Қытайға жеткізушілер тізіміне жаңа ет комбинаттарын енгізу жоспарлануда
ҚХР Бас кеден басқармасының делегациясы 9-14 қыркүйек аралығында қазақстандық ет өңдеу және құс шаруашылығы кәсіпорындарын тексерді. Делегацияның сапары Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетімен бірлесіп ұйымдастырылып, қазақстандық мал шаруашылығы өнімдерінің Қытай нарығына қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Сарапшылар Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Алматы облыстарының бірқатар ет өңдеу және құс шаруашылығы кәсіпорындарын аралады. Технологиялық процестерге, биоқауіпсіздік стандарттарының сақталуына, ветеринарлық және зертханалық бақылау жүйесіне, сондай-ақ өнімді сақтау және тасымалдау шарттарына ерекше назар аударылды», - деп министрлікте хабарлады.
Сонымен қатар, Алматыда Қытай нарығына экспорттауға мүдделі кәсіпорындарды тіркеу үшін ҚХР ақпараттық платформасы - CIFER жүйесі бойынша семинар ұйымдастырылды. Қатысушылар экспортқа бағдарланған кәсіпорындарға қойылатын талаптарды, сондай-ақ өтінімдерді беру және қарау тәртібін талқылады. Делегация сонымен қатар Республикалық ветеринариялық зертхана мен ВБҚК қалалық аумақтық инспекциясының қызметімен танысты.
«Сапар қорытындысы бойынша ҚХР БКБ ресми қорытынды дайындайды, ол жаңа қазақстандық кәсіпорындарды Қытай нарығына мақұлданған жеткізушілер тізіліміне енгізу үшін негіз бола алады. Бұл отандық өндірушілер үшін қосымша экспорттық мүмкіндіктер ашады және аграрлық сектордың одан әрі дамуына және Қазақстанның сыртқы сауда әлеуетінің өсуіне ықпал етеді», - деп атап өтті Ауыл шаруашылығы министрлігінде.