17 сентября 2020 Мал шаруашылығы

Ауыл шаруашылығы министрлігі СҚО-да өлген құстардың иелеріне өтемақы төлеу туралы айтты

Солтүстік Қазақстан облысында жоғары патогенді құс тұмауынан өлген құстардың  иелеріне нарықтық құн бойынша өтемақы төленеді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің вице-министрі Гүлмира Исаева мәлімдеді.

«Республикалық эпизоотиялық топ өлген құстардың иелеріне келтірілген шығын құнын орташа айлық негізінде төлейді, оны Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі жанындағы арнайы комиссия анықтайды», - деді вице-министр.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, өтемақы алу үшін құс иелеріне өтініш беру керек, содан кейін қаражат картаға аударылады. Сонымен бірге, өлген құстардың мәйіттерін комиссия актімен ресми түрде тіркеуі қажет.

«Әрбір өлген құстың иесі заңда белгіленген өтемақы алу үшін біз алғашқы күннен бастап құстардың өлімін тіркеп, ереже бойынша әрекет ете бастадық», - деп атап өтті Гүлмира Исаева.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Солтүстік Қазақстан облысының жеті ауданында 9-16 қыркүйек аралығында әр түрлі құстардың өлімі тіркелді. Бүгінгі күннен бастап тірі құс пен инкубациялық жұмыртқа, құстың мамығы мен қауырсынын, құс еті мен құс етінен жасалатын барлық өнімдерді, құстарға арналған жемшөп пен жемшөп қоспаларын экспорттауға уақытша шектеулер енгізді. Сонымен қатар Тимирязевск, Тайыншы, Жамбыл, Қызылжар, Шал ақын,Ғ.Мүсірепов, М.Жұмабаев аймақтарынан құстарды ұстауға, союға және кесуге арналған жабдықтарды әкетуге тыйым салынды.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық қадағалау және бақылау комитетінің айтуынша, ауруды Солтүстік Қазақстан облысының аумағына қоныс аударатын құстар таратуы мүмкін.