Маңғыстау облысында түйе сүтін өндіру іске қосылды
«Қарағантүбек» ЖШС Маңғыстау облысында түйе сүтін сауу және қайта өңдеу бойынша жаңа цехты іске қосты. Жобаның жалпы құны 600 млн теңгені құрады. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Кәсіпорынның өндірістік қуаты тәулігіне 400 тоннаға дейін түйе сүтін өңдеуге мүмкіндік береді. Жаңа нысанның басты артықшылығы - сауу процесі толықтай автоматтандырылған, бұл өнім сапасы мен гигиеналық талаптардың жоғары деңгейде сақталуын қамтамасыз етеді. Қондырғылар Германиядан әкелінген және заманауи халықаралық азық-түлік өнеркәсібі стандарттарына толық сәйкес келеді», - деп министрлікте хабарлады.
Өңірдің климаттық ерекшеліктері мен су тапшылығын ескере отырып, кәсіпорын өзінің сумен жабдықтау жүйесімен қамтамасыз етілгені атап өтілді. Өндіріс қажеттіліктері үшін тереңдігі 150 метр ұңғыма бұрғыланды, ал су көп сатылы сүзілу мен тазартудан өтеді.