АШМ басшылығы Солтүстік Қазақстанға құс тұмауының өршуіне байланысты келді
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың тапсырмасы бойынша Солтүстік Қазақстан облысында вице-министр Гүлмира Исаева бастаған арнайы топ, жоғары патогенді құс тұмауының таралуын болдырмау жөніндегі кешенді шаралардың барысын тексерді. Бұл туралы Facebook-те ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы Жанжігіт Омархан хабарлады.
«Өздеріңіз білетіндей, 2005 жылдан бері Қазақстанда құс тұмауы болған жоқ. Сондықтан біз Солтүстік Қазақстан облысына аймақты жұмысты дұрыс үйлестіру және вакцинациялау, сондай-ақ аумақтарды дезинфекциялау және құстардың өлекселерін жою бойынша іс-шараларды ұйымдастыруға көмектесу үшін келдік. Жұмыстарды қадағалау және құс тұмауының одан әрі таралуын болдырмау үшін барлық әрекеттердің дұрыстығына өзіміз көз жеткізу біз үшін өте маңызды», - деді Гүлмира Исаева.
Сондай-ақ, оның айтуынша, арнайы топ өлген құстардың иелеріне өтемақы төлеу жұмыстарын бақылауға алады. Бұл топқа Республикалық эпизоотияға қарсы отрядтың бастығы өз тобымен бірге кіреді, олар өтініштер қабылдап, төлемдер жүргізеді.
Сонымен қатар, комиссия облыстағы құс фабрикаларының басшыларымен кәсіпорындардың айналасында биологиялық қауіпсіз оқшауланған аймақтар құру туралы келіссөздер жүргізді. Егер барлық қажетті талаптар орындалса, облыстың құс фабрикалары өз өнімдерін еркін сату құқығын ала алады.
Солтүстік Қазақстан облысындағы жағдай және арнайы топтың сапары туралы толығырақ ақпаратты Гүлмира Исаева дүйсенбіде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында жариялайды.