Алматы облысында 1200 бас ірі қара малға арналған сүт фермасы салынады
Алматы облысының Қонаев қаласында 1200 бас ірі қара малға арналған тауарлы-сүт фермасы салынады. Ферманың жобалық қуаты жылына 13 млн литрге дейін сүт өндіруге мүмкіндік береді. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Инвестициялық жобаны іске асыру үшін жалпы ауданы 1955 га жер учаскесі бөлінді. Бірінші кезеңде 700 га-ға жемшөп дақылдарын егуге жер дайындау жүргізілуде. Су ресурстарының өнімділігін арттыру және тиімді пайдалану мақсатында тамшылатып және жаңбырлатып суарудың заманауи технологияларын қолдану көзделген.
«Жобаны іске асыру 2030 жылға дейін есептелген. Тартылатын инвестициялардың жалпы көлемі 15 млрд теңгеден асады. Жобалық қуаттылыққа шыққаннан кейін ферма жылына 13 млн литрге дейін сүт өндіре алады, бұл өңірді сапалы сүт өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті министрлікте.