Қазақстандағы сүт зауыттары 82%-ға жүктелген
Қазақстанда жалпы қуаттылығы жылына 2,7 млн тоннадан астам сүтті өңдейтін 182 кәсіпорын жұмыс істейді, бүгінгі таңда орташа жүктеме шамамен 82% құрайды. Елімізде жыл сайын 2 млн тоннадан астам сүт өңделеді, бұл халықтың сүт өнімдерінің негізгі түрлеріне қажеттілігін қамтамасыз етеді. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутаттарының сұрауына жауап бере отырып хабарлады.
Премьер-министрдің мәліметінше, Қазақстанда 631,6 мың тоннаға дейін өңделген сүт, 32,8 мың тонна сары май, 238 мың тонна ашытылған сүт өнімдері, 48,2 мың тонна ірімшік пен сүзбе өндіріледі.
«Сонымен қатар, бірқатар позициялар бойынша, ең алдымен ірімшіктер мен сүзбе бойынша импортқа тәуелділік сақталады. Бұл тәуелділікті төмендету бойынша жұмыс жалғасуда, бұл ретте мемлекеттік қолдау қайта өңдеу қуаттарының жүктемесін арттыруға, шикізат қорын дамытуға және ішкі және сыртқы нарықтарда өнімнің бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға бағытталған», - деп атап өтті үкімет басшысы.
Премьер-министр сондай-ақ, 2024 жылы Қазақстанда шаруашылықтардың барлық санаттарымен 3,6 млн тонна шикі сиыр сүті өндірілгенін, оның 689,7 мың тоннасын (19%) ауыл шаруашылығы кәсіпорындары, 721,9 мың тоннасын (20%) шаруа және фермер қожалықтары, ал 2,2 млн тоннасын (61%) жеке қосалқы шаруашылықтар өндіргенін хабарлады.
«Шикі сүттің орташа бағасы литріне шамамен 220 теңгені құрайды және дайын өнімнің құнын қалыптастырудың негізгі факторы болып табылады. Бағаға энергия ресурстарының, орау, тасымалдау, сақтау, жалақы, салықтар және басқа да міндетті шығындар қосымша әсер етеді», - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сондай-ақ, премьер-министр бүгінгі таңда ірі қара малдың саны 8,3 млн басқа жеткенін хабарлады. 2025 жылдың 11 айында шамамен 3,6 млн тонна сүт өндірілді, бұл 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5%-ға жоғары. Саланың дамуын қолдау үшін субсидиялау және жеңілдікті несиелеу түрінде мемлекеттік қолдау көрсетіледі.