Қазақстанның үкіметі 2031 жылға дейін Мал шаруашылығын дамыту жоспарын мақұлдады
Қазақстанның үкіметі мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген Мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасын мақұлдады. Құжатта бекітілген тетіктер мал басын өсіруге, өнімділіктің өсуіне және экспорттық әлеуетті кеңейтуге бағытталған. Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Кешенді жоспарды іске асыру ірі қара мал басының санын 7,9-дан 12 млн басқа және ұсақ мал басының санын 20,2-ден 28 млн басқа дейін ұлғайтуды көздейді. Сондай-ақ, ет өндірісінің 1,2-ден 1,8 млн тоннаға дейін өсуі және оның экспортының 82-ден 165 мың тоннаға дейін екі есе ұлғаюы күтілуде.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін бірқатар бағыттар бойынша саланы қаржылық қолдау шараларының кешені ұсынылады. Ауыл шаруашылығы жануарларының барлық түрлерінің асыл тұқымды мал басын сатып алуға жылдық 6% жеңілдікпен несие беру бағдарламасын іске қосу жоспарлануда. Қаржыландыруға жылдық қажеттілік 300 млрд теңгені құрайды. Бұл шараны іске асыру табынның жаңаруын жеделдетуге және мал шаруашылығының генетикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Отарлы мал шаруашылығын дамыту және жайылымдық инфрақұрылымды қалыптастыру үшін ағымдағы жылға қаржыландыру көлемі 50 млрд теңге болатын жылдық 6%-бен бірыңғай жеңілдікті кредиттік өнім көзделген.
Қосымша 50 млрд теңге қажеттілігімен жемшөп дайындау техникасы мен жабдықтарын сатып алуға жылдық 5%-бен жеңілдікті қаржыландыруды енгізу көзделіп отыр.
Сондай-ақ жалпы қажеттілігі 225 млрд теңгені құрайтын мал шаруашылығы бағыттары бойынша айналым қаражатын толықтыру үшін жылдық 5%-бен жеңілдетілген несиелеу бағдарламасын іске қосу жоспарлануда. Қаржыландыруға қолжетімділікті кеңейту үшін «Даму» қоры арқылы қарыздарға кепілдік беру тетігін қолдану көзделген.
Сондай-ақ, Кешенді жоспардың жобасында саланы кадрлармен қамтамасыз ету және мал шаруашылығы қызметкерлері үшін әлеуметтік жағдайлар жасау, соның ішінде бақташылар мен шопандардың 55 жасқа толу бойынша арнайы әлеуметтік төлемдер алу құқығын қамтамасыз ету, мамандар үшін тұрғын үй құрылысын қолдау және т. б. шаралар көзделген.
Сонымен қатар, тиімді маркетингтік инфрақұрылымды қалыптастыру және сату нарықтарын кеңейту жоспарлануда. Ветеринариялық қауіпсіздік экспорттық нарықтарға шығудың міндетті шарты болып табылады. Осы бағытта ветеринариялық объектілерді жаңғырту бойынша жұмыс жалғастырылады, сондай-ақ сауда объектілерінде күнделікті бақылауды жүзеге асыру жоспарланады. Жануарлар иелерінің жауапкершілігін арттыру мәселесі пысықталуда.
Үкіметтің ақпараты бойынша Жоспардың іс-шаралары негізінен бюджетте көзделген қаражатқа, бюджеттік несиелер және қаржы институттарының облигациялары бойынша купондық сыйақыны субсидиялау бағдарламалары есебінен іске асырылатын болады.
Премьер-министр Олжас Бектенов Кешенді жоспардың шаралары ішкі нарықты отандық өніммен жүйелі түрде қанықтыруды және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша болжамды баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ, қайта өңдеуді дамыту және қосылған құны жоғары өнім шығаруды ұлғайту қажет. Өндіріс пен өнім айналымының барлық кезеңдерінің ашықтығын қамтамасыз етудің маңыздылығы атап өтілді. Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының нәтижелерін цифрлық платформаларға біріктіру және оларды бірыңғай есепке алу көзі ретінде пайдалану тапсырылды.
Сонымен қатар, үкімет басшысы мемлекет басшысының пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару мәселесі бойынша тапсырмаларының орындалуына назар аударды. Айдарбек Сапаров жердің ұтымды пайдаланылуын тексеру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын, астық егетін үш өңірде 330 шаруашылық жоғары бақылауда екенін баяндады. Мақсатсыз пайдалану фактілері анықталған жағдайда учаскелер азаматтарға одан әрі қайта бөлу үшін мемлекеттік қорға қайтарылатын болады.