Қазақстанда қошқарлардың экспортына жаңа квоталар енгізілді
Ауыл шаруашылығы министрлігі алты ай мерзімге қошқарлардың экспортына жаңа квоталар енгізді. «Ауыл шаруашылығы жануарларын Қазақстан Республикасының аумағынан әкетудің кейбір мәселелері туралы» тиісті бұйрық 3 маусымда жарияланды.
Жарты жыл ішінде төрт айдан асқан 120 мың бас қошқарларды үшінші елдерге және Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне экспорттауға рұқсат етілді. Бұл жағдайда сандық шектеу:
- бордақылау алаңдары үшін – 60 мың бас;
- тауар өндірушілер үшін – 60 мың бас.
Қошқарларды әкетуге квота алу үшін бір бордақылау алаңына арналған шектеу бір және жиынтық мөлшерде оның қуатының 30%-нан аспайды, ал бір тауар өндірушіге – квотаның қолданылу кезеңіне 500 бастан аспайды.
Қуаттылығы 5 мың бас және одан да көп мал бордақылау алаңдары үшін қошқарларды әкетуге арналған шектеу квотаның бүкіл қолданылу кезеңіне 1,5 мың бастан аспауға тиіс.