14:00 Мал шаруашылығы

Түркістан облысына 1,5 мың бас қалмақ тұқымды ірі қара әкелінді

KAZ PLEMZAVOD компаниясы Түркістан облысының Созақ ауданына қалмақ тұқымды 1474 ірі қара малды әкелді. Оның ішінде 1245 бас - аналық бас, 229 бас - өткен жылдың төлі. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Малды орналастыру үшін шаруашылыққа Бетпақдала аумағында арнайы жер қорынан 5 мың гектар жайылымдық жер бөлінген. Бұдан басқа, орман қоры жерінен тағы 9 мың гектар жайылымды пайдалануға шарт жасалды. Бүгінгі таңда барлық мал басы ауданда тіркеліп, ветеринарлық есепке қойылды.

«Қазір барлық әкелінген мал басы ауданда толық тіркелген. Биыл мал басын тағы 1,5 мың бірлікке көбейтуді жоспарлап отырмыз. Асыл тұқымды мал Бурятиядан әкелінді. Біздің мақсатымыз - аналық мал басын өсіру, ал бұқашықтарды төрт жастан бастап экспортқа жіберу. Осы жылдың басынан бастап ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін біз 10 365 килограмм ет өнімдерін саттық», - деді KAZ PLEMZAVOD төрағасы Мамытхан Әлімханұлы.

KAZ PLEMZAVOD компаниясы 2020 жылы Арыс қаласында құрылған. Созақ ауданының жайылымдық әлеуетін ескере отырып, серіктестік асыл тұқымды мал шаруашылығын қарқынды дамыту үшін Бетпақдала аумағына көшірілді.

Қалмақ тұқымды ірі қара мал - бұл ет бағытындағы мал, ол жоғары өнімділікпен және шөлейт және жартылай шөлейт аймақтардың жағдайына, сондай-ақ суыққа төзімділігімен ерекшеленеді.

Айта кетейік, Түркістан облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Плалов Түркістан облысына экспортталатын ірі қара малдың 80%-ы және қой етінің 75%-ы тиесілі екенін мәлімдеді. Ет кластерін одан әрі дамыту үшін өңірде 49 млрд теңгеге жеті инвестициялық жоба іске асырылуда. Олар аяқталғаннан кейін ет өндірісі 35 мың тоннаға өседі, ал экспорт көлемі екі есеге артады.