16:42 Мал шаруашылығы

Ақмола облысында ет кластері үшін 4,3 мың бас ІҚМ әкелінді

Ет кластерін құру үшін Ақмола облысы Ерейментау ауданы Торғай ауылына қалмақ тұқымының 4,3 мың асыл тұқымды аналық басы әкелінді. Инвестициялық жобаны «Торғай» ЖШС, «Соколинки и К» және «НОМАД Агрофирмасы» ЖШС консорциумы іске асырады. Бұл туралы өңірлік әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Барлық мал басы ветеринарлық есепке қойылғаны атап өтілді. Тағы 5 мың бас мал әкелу жоспарлануда.

«2031 жылға дейін асыл тұқымды репродукторлардағы ІҚМ басын 22,5 мың басқа дейін ұлғайту және бордақылау кешенінің қуатын 30 мың басқа дейін арттыру жоспарлануда. Ет кластерін құру жоғары сапалы сиыр еті нарығындағы орнын нығайтуға, экспорттық әлеуетті арттыруға және өңір тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Ақмола облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов.

Әкімдік Ерейментау ауданында жайылымдық алқаптардың басым бөлігі шоғырланғанын, бұл ауыл шаруашылығын дамыту үшін айтарлықтай әлеует тудыратынын атап өтті. Бүгінгі таңда ауданда «Жаңа Береке репродуктор» және «Ерейментау - Астық 2014» ірі бордақылау алаңдары жұмыс істейді, 100-ден 550 басқа дейінгі бірқатар орта және ірі ет фермалары жұмыс істейді.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін KAZ PLEMZAVOD компаниясы Түркістан облысының Созақ ауданына 1,5 мыңға жуық ірі қара мал әкелген болатын.