Абай облысында қой шаруашылығын дамыту бағдарламасына 50 млрд теңге бөлінеді
Абай облысында қой шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған бағдарламасын әзірлеуде. Бағдарлама 300 мың бас асыл тұқымды ұсақ малды сатып алуды және қой санын екі есеге арттыруды көздейді. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бағдарламаны іске асыруға республикалық бюджеттен 50 млрд теңге бөлу пысықталуда. Нәтижесінде бес жыл ішінде қой басын 1,2 млн-нан 2,3 млн басқа дейін ұлғайту жоспарлануда. Қаржыландыруды ағымдағы жылы іске қосылатын «Игілік» бағдарламасы арқылы жүзеге асыру жоспарлануда. Жеңілдетілген несиелер мал шаруашылығын дамыту үшін басымдықпен 7-10 жыл мерзімге 6%-бен берілетін болады.
Әкімдікте еске салғандай, өңірде «Ауыл аманаты» және «Іскер аймақ» бағдарламалары жұмыс істейді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында облыста алғаш рет тек қана сүтті мал сатып алуды көздейтін «Сауынды сиыр» жобасы іске асырылатын болады.
Бұдан басқа, «Тауарлық несие» жобасы аясында бюджет қаражатын талап етпейтін «100 қой» бастамасы іске қосылады. Оны іске асыруға ірі және орта шаруа қожалықтары қатысады. Ауыл тұрғындарына қолдау көрсететін фермерлерге жеңілдікті несиелер және техниканы жедел сатып алу мүмкіндіктері берілетін болады.
Әкімдіктің мәліметінше, өткен жылы облыстың «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 1 млрд теңге бөлінген. Қазіргі уақытта өңірдің 10 ауданында қайта өңдеу саласында 28 ауыл шаруашылығы кооперативін қаржыландыру жүргізілуде.
Агроөнеркәсіптік кешенде ірі инвестициялық жобаларды іске асыру жөніндегі Жол картасы шеңберінде биыл жалпы құны 23,1 млрд теңгені құрайтын тоғыз инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Нәтижесінде АӨК инвестицияларының көлемін 78,2 млрд теңгеге дейін ұлғайту жоспарлануда.