09:45 Мал шаруашылығы

Қазақстанда сиыр етін экспорттаушылар саны артады

Ауыл шаруашылығы министрлігі экспорттық квота алу үшін сиыр етін экспорттаушыларға қойылатын талаптарды жеңілдетеді. Мұндай шешімді вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Сыртқы сауда және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия (ВАК) қабылдады, деп үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Өзгерістер квоталарды бөлу тетігіне енгізіледі, ол кем дегенде 5 мың басқа арналған жеке бордақылау алаңының және өзінің ет комбинатының болуын қоса алғанда, бірқатар талаптарды көздейді.

Шешім қабылдау кезінде ВАК қатысушылары үкімет бекіткен мал шаруашылығын дамытудың Кешенді жоспарын назарға алды. Құжат ірі қара мал басын 7,9 млн-нан 12 млн басқа дейін ұлғайтуды, сондай-ақ экспорттық әлеуетті кеңейтуді және қазақстандық сиыр етін өткізудің жаңа нарықтарын ашуды көздейді. Қабылданған шешімге байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі квоталарды бөлудің қолданыстағы ережелеріне тиісті өзгерістер енгізеді.

Сонымен бірге, аналық мал басын сақтау және отандық қайта өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында ВАК Қазақстаннан ірі және ұсақ малдардың аналық басын, сондай-ақ ІҚМ бұқашықтарын, оның ішінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерге әкетуге тыйым салуды ұзартты.

Бұған дейін Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі ВАК-қа экспорттық квота алуға құқығы бар бордақылау алаңдары бойынша өлшемшарттарды 5 мыңнан 500 бас ІҚМ-ге дейін төмендету туралы ұсыныс жіберген болатын. Бұдан әрі, мал шаруашылығын дамытудың Кешенді жоспары іске асырылуына қарай сиыр етінің экспортына қолданыстағы шектеулерді кезең-кезеңімен алып тастау жоспарлануда.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына 20 мың тонна көлемінде сиыр етінің экспортына квота бекітілген.