Қазақстан Бразилия мен Аргентинадан тікелей мал жеткізуді талқылауда
Қазақстан Бразилия мен Аргентинамен АӨК өнімдерінің сауда айналымын ұлғайтуды жоспарлап отыр. Оның ішінде асыл тұқымды малды тікелей жеткізу тетіктері талқылануда. Осы және басқа да мәселелер ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің Оңтүстік Америкаға сапары кезінде басты назарда болды, деп ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сапар барысында жоғары өнімді асыл тұқымды малдың генетикасы, селекциясы және импорты саласындағы стратегиялық өзара іс-қимыл, сондай-ақ озық агротехнологияларды енгізу талқыланды.
Бразилияда қазақстандық делегация Латын Америкасындағы ең ірі агроөнеркәсіптік көрме — Agrishow 2026-ға қатысты. Ангус және герефорд тұқымдарын өсіру бойынша тәжірибе алмасу, эмбриондарды трансплантациялауды қоса алғанда, биотехнологияларды дамыту, сондай-ақ Қазақстанға асыл тұқымды малды тікелей жеткізу тетіктерін пысықтау басты назарда болды.
Вице-министр Бразилия Федеративтік республикасы Ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы және азық-түлікпен қамтамасыз ету министрлігінің, Зебу өсіру қауымдастығының өкілдерімен кездесулер өткізді.
2025 жылдың соңына қарай Қазақстан мен Бразилия арасындағы АӨК саласындағы сауда айналымы 10%-ға өсіп, 89,5 млн долларға жетті. Тараптар ынтымақтастықтың айтарлықтай үлкен әлеуетін атап өтті, сондықтан өзара сауда көлемін одан әрі арттыру үшін бірлескен күш-жігерді күшейту туралы шешім қабылдады.
Аргентина астанасы Буэнос-Айресте елдің Ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы және балық шаруашылығы министрлігінің басшылығымен, іскерлік және салалық топтардың өкілдерімен келіссөздер өтті. Ынтымақтастықты кеңейту, соның ішінде бірлескен инвестициялық жобаларды іске қосу талқыланды.
«Аргентина - мал шаруашылығындағы әлемдік көшбасшы. Біз үшін басымдық генетика және селекция саласындағы озық шешімдерді трансферттеу, сондай-ақ саланың сапалы өсуін қамтамасыз етуге қабілетті бірлескен жобаларды іске асыру болып табылады», — деп атап өтті Аманғали Бердалин.
Бірлескен ғылыми-технологиялық бастамаларды практикалық іске асыруға көшумен жаңа деңгейге шығару жоспарланып отырған Аргентина ұлттық ауыл шаруашылығы технологиялары институтымен (INTA) өзара іс-қимылға ерекше назар аударылды.