Орал қаласында халықаралық қой шаруашылығы фестивалі өтті
Екінші халықаралық «AUYL INVEST FEST. Қой шаруашылығы 2.0» фестивалі өткен демалыс күндері Батыс Қазақстан облысында өтті. Іс-шараны аймақ әкімдігі мен «Ауыл» партиясы ұйымдастырды.
Іс-шара өтетін орын кездейсоқ таңдалған жоқ: Жайық өңірі тарихи тұрғыдан әйгілі «Еділбай» қой тұқымының отаны саналады.
Фестиваль дәстүр мен озық технологияларды ұштастырып, АҚШ, Қытай, Венгрия, Моңғолия және Татарстаннан келген саланың жетекші сарапшыларын бір алаңға жинады.
Фестиваль аясындағы басты шара Орал қаласындағы Достық үйінде өткен «AUYL INVEST FEST. Қой шаруашылығы 2.0» халықаралық форумы болды. Форум барысында агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту, шикізаттық модельден цифрлық экожүйелерге көшу және өнімді өңдеу мәселелері талқыланды.
«Батыс Қазақстан облысы өзінің мал шаруашылығы тарихымен мақтанады. Өңірде асыл тұқымды қой шаруашылығын дамытудың әлеуеті өте зор. Біз заманауи ғылыми тәсілдерді енгізуді және тұқымдық түрлендіру жұмыстарын белсенді түрде қолдаймыз. Біздің мақсатымыз — БҚО фермерлерінің өндіріс көлемін сенімді түрде ұлғайтып, жаңа экспорттық нарықтарға шығуына барлық жағдай жасау», — деді форум барысында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев.
«Қой шаруашылығы Қазақстан үшін жай ғана экономиканың бір саласы емес, бұл — біздің тарихи мұрамыз әрі азық-түлік қауіпсіздігінің негізі. Бүгінде алдымызда саланы тек шикізаттық бағыттан жоғары технологиялық және цифрлық деңгейге көтеру міндеті тұр. Бұл фестиваль инвестиция тарту мен отандық агроөнеркәсіп кешенін халықаралық аренада ілгерілетудің тиімді алаңына айналды», — деді фестиваль қатысушыларына арнаған құттықтау сөзінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы, «Ауыл» партиясының Төрағасы Серік Егізбаев.
«Ауыл» партиясы фестиваль қала тұрғындары мен қонақтарының басын қосқан ауқымды мәдени-көпшілік шараға айналғанын атап өтті. Іс-шара аясында қой шаруашылығы саласындағы жетістіктер таныстырылып, асыл тұқымды мал көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар, ұлттық тағамдарды дәріптеген аспаздық сайыстар өтіп, шебер аспаздар қой және қозы етінен дайындалған ерекше мәзірлерін ұсынды.
Мерекеде сән мен қолөнер бағыты да назардан тыс қалмады. Қой жүні мен табиғи теріден тігілген киімдердің сән көрсетілімі өтіп, ұлттық нақыштағы заманауи үлгілер көпшілік назарына ұсынылды.
Фестиваль бағдарламасы ұлттық құндылықтарды насихаттауға да ерекше мән берді. Қонақтар қазақы тазы мен төбет иттерінің көрмесін тамашалап, садақ ату, асық ату, тоғызқұмалақ, қошқар көтеру секілді этноспорттық ойындарға қатысты.
Фестиваль қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концертпен аяқталды.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, «AUYL INVEST FEST. Қой шаруашылығы 2.0» Қазақстандағы қой шаруашылығының дамуына тың серпін беріп, халықаралық ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.