Қазақстанда мал шаруашылығына жеңілдікпен несие беру кеңейтілді
Қазақстанда жайылымдық мал шаруашылығын дамытуға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған «Жайлау» жеңілдікті қаржыландырудың жаңа бағдарламасы енгізілді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінде хабарлады.
Бағдарлама қуаттылығы 300 бас ірі қара малдан немесе 1000 бас ұсақ малдан басталатын жаңа мал шаруашылықтарын құруды қолдауды көздейді. Несиелер жылдық 6%-дан аспайтын мөлшерлеме бойынша 10 жылға дейінгі мерзімге берілетін болады. Қаржыландырудың ең жоғары сомасы ІҚМ өсіру жобалары үшін 350 млн теңгеге дейін және ұсақ мал өсірумен айналысатын шаруашылықтар үшін 200 млн теңгеге дейін болады.
Сонымен қатар, «Игілік» және «Береке» бағдарламалары бойынша, сондай-ақ айналым қаражатын толықтыру бағыты бойынша жеңілдікті несиелеу мүмкіндіктері кеңейтілді. Қазір қолдау тек мал шаруашылығына ғана емес, қой, жылқы, түйе, ара, шошқа және марал шаруашылығына да қатысты.
«Игілік» бағдарламасы жеті жылға дейінгі мерзімге жылдық 6%-ға дейінгі мөлшерлеме бойынша асыл тұқымды малды (100 бастан импорттық ІҚМ немесе 500 бастан бастап ұсақ мал) сатып алуды қаржыландыруды көздейді. Осыған ұқсас шарттар ірі жобаларға бағдарланған «Береке» бағдарламасы бойынша да қолданылады (импорттық ІҚМ басын 500 бастан немесе 1000 бастан ұсақ мал басын сатып алу).
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өндірушілері жемшөп, ветеринариялық препараттар, жанар-жағармай материалдары, қосалқы бөлшектер сатып алуға және жалақы төлеуге жеңілдікті несиелер ала алады. Бұл бағыт бойынша мөлшерлеме жылдық 5%-дан аспайды, ал несиелеу мерзімі - 12 айға дейін болады.
Жеңілдетілген несилеу бағдарламаларына қатысу шарттары туралы толық ақпарат алу үшін фермерлер Аграрлық несие корпорациясының облыстық филиалдарына және облыс әкімдіктері жанындағы өңірлік ӘКК-ге жүгіне алады.