Алматы облысында ет өңдеу зауыты іске қосылды
Алматы облысының Кеген ауданында «КегенМясПром» ет өңдеу зауыты іске қосылды. Жобаға 2,5 млрд теңге инвестиция салынды. Кәсіпорын тәулігіне 10 тоннаға дейін ет өңдеп, жартылай фабрикаттардың 20 түрін шығара алады. Бұл туралы өңір әкімдігі хабарлады.
Кешенде тәулігіне 120 бас ірі қара, 100 бас ұсақ мал және 20 бас жылқының етін өңдеу көзделген. Дайын өнім ірі сауда желілері мен өндірістік цехтарға жеткізіледі. Кәсіпорында мамандарды оқыту да ұйымдастырылған.
Қазір зауытта жергілікті 50-ге жуық тұрғын жұмыс істейді. Алдағы уақытта кәсіпорын өндіріс көлемін ұлғайтып, маңайында 5 мың басқа арналған мал бордақылау алаңын ашуды жоспарлап отыр.
Кәсіпорын жергілікті шикізатты өңдеуді дамытуға және отандық өнімнің ішкі нарыққа жеткізілімін арттыруға бағытталған. Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әріновтің айтуынша, зауыт жергілікті мал өсірушілерге малын алыс қашықтыққа тасымалдамай-ақ, тиімді шарттармен өткізуге мүмкіндік береді.