Қазақстанда ветеринарлық қызметті күшейтудің үш жылдық жоспары жасалды
Өткен жылы Қазақстанда мал ауруының бірнеше түрі пайда болған еді. Атап айтқанда құс тұмауының таралуы нәтижесінде, ресми мәліметтер бойынша, 2 млн-ға жуық құс қырылды. Тағы бір мәселе терінің кесек ауруының таралуы болды. Бас прокуратура ветеринарлық қызметтің жұмысын тексерген кезде бірқатар ереже бұзушылықтарды анықтаған еді. Аталған кемшіліктерді жою үшін үш жыл уақыт берілді.
«Бас прокуратурамен бірлесе отырып 2021-2023 жылдарға арналған ветеринария саласындағы кемшіліктерді жою бойынша іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілді. Бұл жоспар бойынша ауыл шаруашылық малдарын тіркеуді қамтамасыз ету, алдағы ветеринариялық-профилактикалық іс-шараларды жоспарлау, ветеринариялық препараттардың сапасын бақылау, ветеринария саласындағы ақпарат беру жұмыстарын жүргізу және цифрландыру қызметін күшейтуге бағытталған бірқатар шараларды қамтиды», - деді мәжіліс депутаттарының өтінішіне жауап берген Премьер-Министр Асқар Мамин.
Тақырыпқа байланысты оқу: Серік Рахымбаев: Ветеринария саласында біз үшінші елдердің қатарындамыз
Мал терісі ауруының таралуы жайлы Асқар Мамин Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты 2019 жылы осы ауруға қарсы вакцина жасағанын атап айтты.
Сонымен қатар, 2020 жылы тамыздан қараша айына дейін Қазақстан Республикасының 8 облысында жоғары патогенді тұмау (ЖПТ) ауруы 95 құс ошағында тіркелді. Жоспарланған профилактикалық іс-шаралар аясында құстарды вакцинациялау үшін 3,4 млн доза ЖПТ вакцинасы бөлінді, ал ЖПТ эпидемиясы кезінде ветеринариялық препараттардың республикалық қорынан 220,7 млн.теңгеге қосымша 4,3 млн доза берілді.
«Ветеринариялық-санитарлық талаптарға сәйкес ЖПТ ауруымен ауыратын құстарды тиісті орган жинап жойды, құстардың иелеріне орташа нарықтық баға бойынша құны төленді. Жоғарыда аталған кезеңде барлығы 1 млн 971 мың құс алынып, жойылды, оның 97% -ы 4 құс фабрикасына тиесілі болатын (Солтүстік Қазақстан облысында - 2, Қостанай облысында - 1 және Алматы облысында - 1)» , - деді Асқар Мамин.
Ол сонымен бірге үкімет 2020 жылдың соңында жойылған құс құнын өтеу үшін республикалық бюджеттен 3 млрд теңге бөлінгенін атап өтті.