СҚО-да жабайы үйректердің жаппай қырылуынан кейін су қоймаларында бақылау орнатылды
Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы Саумалкөл жағалауында құс тұмауынан жабайы үйректер қырылған, аталған оқиғаға байланысты профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде. Бұл туралы АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінде хабарлады.
6 маусымда көл жағасында өлген үйректерді жергілікті тұрғындар тапты. Жабайы құстардың өлекселері жиналып, өртелуде.
Тақырыпқа байланысты оқу: СҚО-да құс тұмауы тіркелді
«Нұр-сұлтан қаласының Ветеринария жөніндегі ұлттық референттік орталығының сараптамалық хаттамасына сәйкес құс тұмауы диагнозы расталды. Эпизоотиялық жағдайды бақылау мақсатында ветеринариялық қызмет және басқа да жауапты органдар су қоймаларына бақылау орнатты. Аңшыларға және жергілікті тұрғындарға түсіндіру жүмыстары жүргізілді. Сонымен қатар Саумалкөл ауылында құстардың өлуінің жаңа фактілері тіркелген жоқ», - деп хабарлады Комитеттен.
Сонымен қатар, ведомствоның ақпараты бойынша, жергілікті тұрғындарға жағдай хабарланып, қосымша түсіндіру жұмыстары жасалды. Үй құстарының иелеріне жабайы және синантропты құстармен байланыстарды болдырмау қажеттілігі туралы ескертілді.
Сондай-ақ, Саумалкөл маңындағы елді мекендерде үй құстарына профилактикалық егу жүргізілді.
«Қазіргі уақытта аталған көл аймақтағы ветеринарлық қызметінің тұрақты бақылауында», - деп атап өтті Ауыл шаруашылығы министрлігі.