СҚО өңіріндегі үй құстарының барлығы құс тұмауына байланысты жойылатын болады
Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданының Лебяжье ауылында аурудың таралуына байланысты құс тұмауынан мыңнан астам үй құсы қырылды, соған байланысты індеттің таралуына жол бермеу үшін күшейтілген карантиндік шаралар қабылданды. Оның ішінде ауру шыққан ошақтағы барлық құс басын жою туралы шешім қабылданды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Лебяжье ауылында Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының м.а. Бауыржан Абызбаев бастаған республикалық комиссия болды. Мамандар ауруды жою үшін оның ауқымын анықтап, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
«Инфекция ошағын уақтылы бақылау және жедел оқшаулау мақсатында аталған елді мекеннің периметрі бойынша жерді жырту жұмыстары жүргізілді. Аталған елді мекенге, кіретін және шығатын автокөліктерді дезинфекциялау үшін дезбаръер орнатылды. Эпизоотиялық тізбекті үзу мақсатында ошақтағы құстардың барлық басын жою туралы шешім қабылданды. Жойылған құстардың иелеріне толық көлемде өтемақы төленеді», - деп жазылды хабарламада.
Тақырыпқа байланысты оқу: СҚО-да құс тұмауына байланысты карантин жарияланады
Бұдан басқа, Ресеймен шекаралас аумақтарда құстарды вакцинациялау үшін жоғары патогенді құс тұмауына қарсы отандық препараттардың 112,2 мың дозасы бөлінді.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, эпизоотиялық жағдай бақылауда ұсталынуда. Облыстың басқа елді мекендеріне инфекцияның таралуына жол бермеуге қатысты шаралар қабылдануда, вакцинация жүргізілуде, тірі құс пен құс шаруашылығы өнімдерінің орын ауыстыруына бақылау орнатылды.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда 2020 жылдың соңында жоғары патогенді құс тұмауының өршуі салдарынан 2 млн құс жойылды. Вирустың таралу көздері ұшып келетін құстар болды.