РУС ҚЗ

Зиянды тыңайтқыштар соңы жақсылыққа апармайды

Қазақстандық нарыққа «түсініксіз» химия қайдан келген?
Борис Пеньков,
11.09.2020
Жыл сайын агрохимиялық нарықта жаңа өнімдер пайда болады. Бірақ белгісіз өндірушіден не күтуге болады? Макро және микроэлементтердің нақты құрамына, зиянды қоспалардың болмауына, араласпауына, ылғал мен қышқылдық пайызына кім кепіл болады? Ең бастысы – мәлімделген нақты артықшылықтарға кім жауап бермекші?
2015 жылдың қыркүйегіндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының тарихи саммитінде әлемдік көшбасшылар «2030 жылға дейінгі тұрақты даму саласындағы күн тәртібін» қабылдады. Құжат 2016 жылы күшіне енді. Ондағы 17 тармақтың 12-сі химиялық заттарды қолдануды реттеуге арналған. Бұл факт қазіргі әлемде қоршаған ортаны таза ұстауды қолдау түйткілінің ғаламдық ауқымын көрсетіп берді.

Қазақстанда бірнеше жүздеген минералдық тыңайтқыштардың айналымы қалай реттелетіні туралы «ҚазАзот» АҚ (Ақтау) бас директорының корпоративтік даму жөніндегі орынбасары Тахмина Нағұмановамен әңгімелесудің реті келді.
— Тахмина Өтеғалиқызы, тыңайтқыштардың сапасы өндіріс технологиясына және стандарттардың сақталуына байланысты екенін бәріміз білеміз. Ауыл шаруашылық министрлігінің минералдық тыңайтқыштар кіретін агрохимикаттарды тіркемейтінін де білеміз. Нарықта белгіленген стандарттарға сәйкес келмейтін тыңайтқыштардың пайда болуын Қазақстан қалай қадағалап отыр?
— Елімізде тыңайтқыштардың сапасын ешкім тексермейтін күмәнді жағдай қалыптасып отырғаны шындық. Олардың құрамындағы әрекет ететін заттардың мәлімделген параметрлерге сәйкестігі тірі жанмен анықталмайды. Бізде агрохимикаттар Ресей, Украина немесе Беларусиядағыға ұқсас тіркеуден өтпейді. Демек, көрші елдерде тіркеудің өзі екі-үш вегетациялық кезеңде топыраққа, өнімге қалай әсер ететінін тексеруден тұрады. Бізде мұның бірі тексерілмейді.
— Демек, не болса соның бәрінің айналымын қамтамасыз ететін абсолютті «еркін нарыққа» ие екенбіз ғой. Бұл түйткіл бұрыннан бар ма, әлде жақында басталды ма?
— Посткеңестік кезеңде басқа елдердегідей басқару жүйесі жойылды. Иә, бізде өндірілген және әкелінетін химиялық өнімдерді тіркеу тәртібі бар, оның ішіне минералды тыңайтқыштар да кіреді, бірақ қоршаған орта мен адамға әсер ету қаупіне ғана бағалау жүргізіліп отыр. Онымен қоса бұл тіркеу декларативті сипатқа ие болғанын қайтерсіз.
Егер 2014 жылға дейін химиялық өнімдерді тіркеу үшін бізде нақты сынақтар жүргізу қажет болатын болса, бұл талап 2014 жылдың 16 мамырында күшін жойған болатын. Химиялық өнімдердің қауіпсіздігі туралы Қазақстан Республикасының Заңына шолу жасап көрсеңіз: ескі редакциядағы 14-бапта (2-тармақтың 4) тармақшасы) «экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық, токсикологиялық және өндірістік қауіпсіздік сараптамасын жүргізу» арқылы қауіпсіздікті қамтамасыз ету талап етілгенімен, бірақ қазіргі редакциясында төртінші тармақша атымен жоқ. Енді өтінім беруші (өндіруші, импорттаушы) әсер ету қаупіне баға берілген және қауіпті қасиеттері көрсетілген қауіпсіздік паспортын ғана ұсынады.
— Сайып келгенде, теріс пиғылды трейдерлер декларативті сипаттағы тіркеу куәлігіне ресми түрде қол жеткізіп, сапасыз ауылшаруашылық химикаттарын еркін өткізе алады екен ғой. Бұдан кейін дым болмағандай мемлекеттік қолдауға ұмтылады. Шынында да, қолданыстағы субсидиялау ережелеріне сәйкес министрлік өнімді импорттаушыны немесе өндірушіні (олардың байыбына ешкім жетпестен) тізімге қосады, осыдан кейін барып трейдерлер өздерінің коммерциялық ұсыныстарын әкімдіктерге жіберу құқығына қол жеткізеді. Әкімдік өз кезегінде аталған атауларды субсидияланатындар тізіміне енгізу туралы қаулы қабылдайды. Ауыл шаруашылығы министрлігімен келісілгеннен кейін тауар шаруалардың өтінімдеріне қарай сатыла бастайды. Көріп отырғаныңыздай, сапасыз өнімдердің топыраққа түсуіне ештеңе кедергі емес. Сонда сапасыз тыңайтқышты қолдану егістік алқаптарына қаншалықты зиян келтіреді?
— Құрамы белгісіз сапасыз тыңайтқыштың топыраққа енгізудің жердің тозуына алып келетінін болжау қиын емес. Мағлұмдалған тыңайтқыштармен салыстырғанда сапасыз тыңайтқыштың пайдасының аз екендігі де белгілі.
— Қазақстанда топырақ талдауын жинайтын аккредиттелген зертханалар бар ма?
— «ҚазАзот» компаниясында шығарылатын өнімнің сапасын тексеретін, Ақтау қаласындағы зауыт аумағында орналасқан аккредиттелген Сынақ орталығы бар. Топырақ талдауына келетін болсақ, елімізде жаңа заманауи зерханалар ашылып жатыр, соның бірі біздің серіктесіміз «Дарқан Дала» агрохимиялық компаниясы» ЖШС салынды. Зертхана топырақ үлгілерін жаппай талдауға мүмкіндік беретін заманауи жабдықтармен жарақтандырылған. Өздеріңіз білетіндей, келесі жылдан бастап тыңайтқыштарды субсидиялаудың алғышарты – агрохимиялық картограммалардың болуы күшіне енеді. Клиенттеріміз бізден сатып алынған тыңайтқыштарды субсидиялауда қиындықтарға тап болмауы үшін біз бірлесіп жағдай жасамақшымыз.
— Отандық өндірушілеріміз сәйкестік стандарттарына толық сай келе ме?Ал ірі отандық өндірушілер өндірістік базаларын жетілдіреді ме?
— Мәселен, біздің «ҚазАзот» өндіріс орны мемлекеттік стандарттарды қатаң сақтайды. Аммиак селитрамызды (Қазақстандағы негізгі макротыңайтқыш) алып қарайық. Ол басқа елдердегідей, ГОСТ 2-2013 аммиак селитрасының мемлекетаралық стандартына сәйкес, құрғақ заттағы азоттың құрамы 34,4% кем емес. Сынақ орталығы шығарылатын өнімнің әр партиясының ГОСТ-ке сәйкестігін тексереді.

2006 жылы Азотты тыңайтқыштар зауытының мүліктік кешені негізінде (дәлірек айтсақ, зауыттың қалдығы негізінде) аммиак өндірісі қайта жанданып, Қазақстанда алғаш рет аммиак селитрасы шығарыла бастады. 2011-2013 жылдар аралығында біз қайта құрудың бірінші кезеңін жүзеге асырып, аммиак, азот қышқылы және аммиак селитрасы өндірісін жандандырдық. Аммиак өнімділігін тәулігіне 600 тоннаға дейін арттырдық. Келесі бес жылда газ поршенді электр станцияда электр қуатын 40 МВт-ға дейін өндіруді қамтамасыз еттік. Өндірісті жаңғыртуды жалғастырудамыз, жыл сайын тозған жабдықты ауыстырып, энергия тиімділігі мен ресурс үнемдеуді қадағалаудамыз, өндіріс көлемін ұлғайту мәселесін шешудеміз. Несін айтасыз, сонымен бейорганикалық химия капиталды, энергияны көп қажет ететін, тез өтеле қоймайтын сала екенін атап өткім келеді.
— Әңгімеңіздің төркінінен түсінгенім елімізде ауылшаруашылық химикаттарының сапасын бақылау жағдайы мейлінше күрделі. Минералды тыңайтқыштардың негізгі формалары он беске дейін болғанымен, қазір мемлекет олардың алты жүзге дейінгі атауын субсидиялайды. Олардың кейбіреулері ГОСТ пен ТУ-ға сәйкес емес. Тахмина Өтеғалиқызы, сапасыз тыңайтқыштардың Қазақстанның АӨК шаруашылық субъектілерінің айналымына түспеуі үшін: а)өндірушілерге және б) Ауыл шаруашылық министрлігінің бақылау қызметтеріне қандай сараптамалар мен рәсімдерді жүзеге асыру керек?
— Жауапты өндірушіде шығарылатын тыңайтқыш түріне стандартта немесе техникалық шарттарда мәлімделген өнімдердің сапасын растайтын зертханасы болуы керек. Бізде «ҚазАзот» АҚ, «Казфосфат» ЖШС тауардың әр партиясын тексерістен өткізетін, аккредиттелген зертханамыз бар. Қазақстандағы тыңайтқыштардың басқа өндірушілерінде зертхана базасының бар немесе жоқтығына қатысты ақпаратым жоқ. Егер нақты өндірушілер болатын болса, онда міндетті түрде зертханалары бар. Бірақ жағдайға қарасақ, көбісінде жоқ сияқты.

Бұл өндіріске қатысты нәрсе. Одан әрі, елімізде нарық ашық болғандықтан, импорттық тыңайтқыштар да субсидияланады. Субсидиялауға бюджет қаражаты толассыз құйылғанымен, ол тауар мүлде ешкіммен тексерілмейді. Менің ойымша, Ресейге, Украинаға және басқа елдерге ұқсас, бізде де өнімнің әрбір нақты түрін екі-үш вегетациялық кезеңде топырақта сынауға мүмкіндік беретін агрохимикаттарды тіркеу жүйесі болуы керек. Ал мәлімделген өнімнің сапа сәйкестігі туралы қорытындыны Ауыл шаруашылық министрлігі және бейінді ғылыми институттар беруі тиіс. Артынан оң қорытынды негізінде бұл тыңайтқыштарды субсидиялауға жол беріледі.