Біздің парақшамыздан Қазақстандағы агробизнестің соңғы жаңалықтарын бірінші болып біліп отырыңыз Facebook, арнада Telegram, бізге жазылыңыз Instagram немесе біздің пошталық жіберу.
Ет одағы: фермерлерге малды экспорттау тиімді болуда
Қазақстанда 2020 жылдың қаңтарынан бастап қарашасына дейін тірі малды экспорттауға салынған тыйым шаруалардың қаржылық жағдайына кері әсер етті. Мұндай пікірмен ElDala.kz порталына Қазақстанның ет одағының атқарушы директоры Асқар Жұбатыров бөлісті.
Ведомствоаралық комиссияның 2021 жылғы 22 қаңтардағы отырысында ірі қара мал және қой-ешкінің аналық мал басын сыртқа тасымалдауға салынған тыйым тағы алты айға ұзартылды, бұқа мен қошқар экспортына рұқсат беру туралы шешім қабылданды. Бұл қорытындыға Қазақстанның ет одағы қолқа салған болатын. Одақ мамандарының пікірінше, бұл шешім қарапайым еңбеккерлердің мүддесін қорғайды.
- Сиыр жыл сайын 50/50 көлемде – ұрғашы бұзау төлдейді –деп еске салды Асқар Жұбатыров. – Ұрғашы мал басын көбейтуге қалса, бұқаларды сатудан түскен табыс шаруалардың шығындарын, несие төлемдерін жабуға және кіріс алуға жұмсалады. Жас бұқаларды сату көлемі үлкен болған сайын, өткізу бағасы соғұрлым жоғары болады – демек шаруаларда кәсіпті дамытуға ынта артады. Кәсіптің табыстылығы әсіресе пандемия кезеңі мен жұмыс орындарының қысқаруы жағдайында өзекті.
- Жайылым жерлер бойынша әлемде 5 орынға ие Қазақстан мал шаруашылығында жүз мыңдаған, тіпті миллиондаған жұмыс орнын құра алады, бастысы – өнімді тұрақты сату. Ал экспорт – өнімді нарықтық бағада сатуды кепілдендіретін бірден бір жол. Егер салынған тыйым тағы ұзартылған болса, онда сатып алудың төмен бағасының ұзаққа созылған әсері салаға соққы жасап, шаруалар мал басын қысқартуға мәжбүр болар еді, соның нәтижесінде ет өндірісіндегі көлем ауқымы да төмендейді.
Тұтастай алғанда, Ет одағы кез келген шектеу шарасы нарықтық құрал бола алмайды деп санайды. Оның үстіне пандемия салдарынан адамдардың табысы азайған, ішкі нарықта етке деген сұраныс та төмендеген. Сонымен қатар енгізілген карантиндік шектеулерге байланысты HoReCa сегменті тарапынан ет сатып алу ауқымы да құлдырап кетті. Осындай жағдайда тірі малды экспорттау сатып алушылардың (ет комбинаттары, бордақылау алаңдары, базарлар) қазіргі спектрін шетелдік клиенттермен толықтыруға мүмкіндік береді деп санайды салалық қауымдастық.
- Нарықтық баға белгілеу жасанды шектеулер болмаған жағдай ғана жұмыс істейді, – деді Асқар Жұбатыров. – Осындай қадамдар ғана ет нарығында бәсекеге қабілетті ұсыныстардың қалыпасуына жағдай жасап, шаруаларға кірістердің әділ деңгейін қамтамасыз етеді. Тыйым алынған соң шаруалардың кірісі 20-30 пайызға артқан.
Отандық ет комбинаттары өз өндірістік қуатының жеткіліксіз жүктелуін алға тартып, тірі мал экспортына қарсылық білдірген. Ет комбинаттарының позициясына пікір білдірген сарапшы шаруаларда өнімді ет өңдеу комбинаттарына өткізуге заң тұрғысында ешқандай шектеу қойылмағанын атап өтті. Олар өз өніміне «кім көбірек төлейді» принципіне сүйеніп, клиент таңдауға ерікті. Сарапшы шаруаларға жас бұқалар мен тоқты қошқарларды ет комбинаттарына өткізуге субсидия қарастырылығанын еске салды. Төлемдер мөлшері ірі қараның тірі салмағының әр келісіне – 200 теңге, тоқтының әр басына – 3000 теңге.
– Ет комбинаттардың көбі Ет одағына мүше, біз олардың экономикасы қолайлы қалыптасқанын қалаймыз, – деді Асқар Жұбатыров. – Бірақ ет өңдеуші комбинаттардың өкілдері тыйым түріндегі әкімшілік шараларды қолданбастан, нарықтағы басқа сатып алушылармен тең бәсекелесе алуы керек. Шаруаларды малды өнеркәсіптік көлемде союға өткізуге тарту үшін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі 2020 жылдың тамызында субсидиялауды енгізді. Осы шаралар есебінен 29 мың бас бұқашық және 34 мың бас тоқтыны бордақылау алаңдары, сондай-ақ ет комбинаттарына өткізуге субсидия төленген. Осы бағыттағы субсидиялау көлемі 5,1 млрд теңгеден асты.
Айта кетелік, ет өңдеуді мемлекет қолдайтынын ескерсек, ет комбинаттарына тәулігіне ең кемі – 50 бас сою бойынша критерий белгіленген.
Ет одағы мамандарының пікірінше, мемлекеттің шектеу шараларды қолдануы бизнес дамуындағы теңгерімді бұзып, кері салдарға әкеледі. Демек, мал шаруашылығындағы пайда азаяды – шаруаларды мал өсіруді тоқтатып, ауылдан кетіп, қалада жұмыссыздар қатарын толықтыруға итермелейді.
- Әрине, нарықтық экономиканың 30 жылына қарамастан мемлекеттік саясатта жұмыстың советтік әдістері әлі де басым, олардан арылу қиын екенін түсінеміз, – деп қорытындылады Асқар Жұбатыров. – Бірақ, тұтастай алғанда, бағаларды ұстап тұрудың нарықтық әдістеріне, мәселен мал шаруашылығында форвардтық сатып алуды енгізуге ден қою керек.