26 августа 2024 Элеваторлар

Атамекен бидай бағасы тоннасына 80 мың теңгеден төмен болмайды деп болжап отыр

Ағымдағы маусымда сыртқы нарықтарда қазақстандық астыққа сұраныс жоғары және қазіргі уақытта экспорт географиясын кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2024 жылғы бидайдың құны тоннасына 80-85 мың теңге деңгейінде болжануда, деп хабарлады «Атамекен» ҰКП.

«Бүгінгі таңда негізгі дәнді дақылға – жұмсақ бидайға ішкі және сыртқы бағалардың қалыптасқан конъюнктурасын ескере отырып, астық сапасын, жинауға, сақтауға, тасымалдауға жұмсалатын шығындарды, Үкімет, ҚТЖ, Азық-түлік корпорациясы мен бизнес-қоғамдастықтың экспортқа жағдай жасау жөніндегі үйлестірілген жұмысын, сондай-ақ сыртқы нарықтардағы жеткілікті жоғары сұранысты, болжамды орташа жұмсақ бидайдың бағасы ҚҚС есебінсіз тоннасына 80-85 мың теңге деңгейінде күтіледі. Фермерлер өз астығын уақытында жинап, сақтап, лайықты бағамен сатуға дайын», - деді ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Ербол Есенеев.

«Атамекенде» жаппай егін жинау қарсаңында Үкімет бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп дәнді дақылдарды сату бойынша шаралар әзірленген бірқатар кеңестер өткізгенін атап өтті. Қабылданып жатқан іс-шаралар қазақстандық астықтың Қытайға, Иранға және басқа елдерге экспортын ұлғайтуға бағытталған. Еуропа мен Африка елдеріне экспорт географиясы да кеңейетін болады.

Бүгінгі таңда дәстүрлі нарықтар мен жаңа импорттаушы елдер тарапынан қазақстандық астыққа жоғары қызығушылық байқалады.

Өткен жылдың өтпелі қалдықтарын ескере отырып, экспортқа дәнді дақылдарды жеткізудің жалпы көлемі 10 млн тоннадан астам бағаланады.