ЖҚШ туралы заң жобасы Мәжілістен кері қайтарып алынды
"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жеке қосалқы шаруашылықтардың қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы Парламент Мәжілісінен кері қайтарып алынды. Бұл туралы ElDala.kz Қазақстан үкіметінің 2022 жылғы 31 тамыздағы тиісті қаулысына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Үкімет Қазақстан Республикасы үкіметінің 2021 жылғы 31 желтоқсандағы № 986 қаулысымен енгізілген "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жеке қосалқы шаруашылықтардың қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР Заңының жобасын Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінен кері қайтарып алуға қаулы етті.
Естеріңізге сала кетейік, ЖҚШ қызметінің құқықтық, ұйымдастырушылық және экономикалық негіздерін, сондай-ақ олардың қызметін мемлекеттік реттеу тетіктерін айқындайтын Қазақстанда ЖҚШ туралы заң жобасы әзірленген болатын. Сондай-ақ, ЖҚШ қолдау тәртібі анықталды. Уәкілетті орган шаруашылықтар мен олардың кооперативтерінің дамуына мониторинг жүргізетіні, сондай-ақ оларға өтеусіз негізде көрсетілетін қызметтер тізбесін әзірлейтіні хабарланды.