Қазақстанда жаңа парламент жұмысын бастады
Қазақстанда 28 тамызда бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясы ашылды. Спикер болып Айбек Дадебай сайланды. Бірінші шақырылымдағы Құрылтай төрағасының орынбасарлары Нұрлан Бекназаров, Дания Еспаева және Динара Закиева болды.
Құрылтайда сегіз тұрақты комитет құрылды:
- Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитеті
- Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті
- Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті
- Өңірлік және инфрақұрылымдық даму комитеті
- Әлеуметтік-мәдени даму комитеті
- Қаржы және бюджет комитеті
- Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитеті
- Экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетика комитеті.
Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитетінің төрағасы болып Серік Егізбаев сайланды. Ол бұған дейін Мәжілістегі Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетті басқарған.
Құрылтайдағы аграрлық комитеттің құрамына: Айжан Сқақова (комитет хатшысы), Бауыржан Жамалов, Бота Елеусізова, Мағжан Ералиев, Шынасыл Ерназар, Руслан Ыдырысов, Мұрат Ырғыбаев, Замира Күзиева, Аслан Құлмағамбетов, Дәурен Маралов, Айжан Наимбекова, Ербол Нұрғалиев, Сергей Пономарев, Русана Сулаймонова, Әбілхайыр Тамабек және Арман Хайруллин кірді.
Айта кетейік, жаңа Парламент жұмысының басталуымен Қазақстан үкіметі отставкаға кетті. Бұл ретте үкімет жаңа құрам бекітілгенге дейін өз міндеттерін атқаруды жалғастырады.
Құрылтай сессиясының ашылуында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент құрылымы қалыптасқаннан кейін мемлекет басшысы депутаттардың қарауына вице-президент пен премьер-министрдің кандидатураларын енгізетінін айтты. Содан кейін депутаттармен кеңескеннен кейін ол үкімет мүшелерін тағайындайды.
Құрылтай мен үкіметтің құрамы толық құрылғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауын жариялайды.