Түркістандағы су басқан алқаптарға мақта егіле бастады
Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы су басқан егістік жерлерді қалпына келтіру және мақта себу жұмыстары басталды. Аймақта жұмыс істеу үшін техникалық құралдар Өзбекстаннан әкелінді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде хабарлады.
Мақтаарал ауданына Өзбекстанның Жезақ және Сырдария облыстарынан 40 дана арнайы техника мен 243,6 тонна мақта жеткізілді. Жергілікті тұрғындар егін егу жұмыстарын бастады.
Атап айтсақ, Қарақыр ауылындағы «Жаманқұл» шаруа қожалығы өзбек технологиясының көмегімен 7 гектар жерге мақта екті.
«Өзбекстаннан әкелінген техниканың көмегімен мен су басқан 7 гектар жерге мақта ектім. Көрші республика бізге техникадан басқа тегін бензин, мақта тұқымын беруде. Бұл, әрине, біз үшін үлкен көмек», - деді« Жаманқұл» шаруа қожалығының өкілі Жандос Сапархан.
Жалпы, су тасқынының салдарынан Мақтаарал ауданының 7,5 мың гектар егіс алқаптарына залал келтірілді. Оның 5035 гектары Жаңажол ауылдық округіне тиесілі. Көптеген Өзбек техникасы осы аймаққа жіберіледі. Сондай-ақ, Еңбекші ауылдық округіне қарасты Жаңа Тұрмыс және Жантақсай елді мекендеріндегі жалпы алаңы 113,31 гектар болатын егіс алқаптарын өңдеуге құрал-жабдықтар бөлінді. Сонымен қатар, Нұрлыбаев ауылдық округі Қарақыр ауылында 61,8 гектар алқапқа мақта тұқымын себу жұмыстары жүргізілуде.
«Көрші елден келетін техникаға деген сұраныс күн сайын артып келеді, өйткені мамыр айының аяғында мақта егуді аяқтау қажет. Сондықтан шаруалар күн сайын егістік алқаптарын қалпына келтіру жұмыстарымен айналысуда. Күніне 100 гектар мақта егіледі», - дейді Мақтаарал аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы Жарқынбек Мырзалиев.
Еске сала кетсек, мамыр айының басында Өзбекстандағы бөгеттің бұзылуы салдарынан Қазақстанның шекаралас ауылдары су астында қалған болатын. Мақтаарал ауданында тұрғын үйлерден басқа, жалпы ауданы 7 639 га болатын ауылшаруашылық егістікті су шайған болатын. Оның көп бөлігінде мақта егілген еді. Сонымен бірге 297 мал қырылды. Фермерлерге келтірілген шығын мөлшері 4 млрд 1 млн теңге болып отыр.