Ақылбек Күрішбаев ҚазҰАЗУ ректорының м.а. болып тағайындалды
Парламент Сенатының бұрынғы депутаты Ақылбек Күрішбаев Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің басқарма төрағасы-ректорының міндетін атқарушы болып тағайындалды. Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі ректор лауазымына конкурс жариялаған болатын.
Өткен аптада ЖОО-ның баспасөз қызметі Ақылбек Күрішбаевтың қатысуымен жаңа лауазымдағы бірнеше іс-шаралар туралы хабарлады. Атап айтқанда, ол Сенат депутаттарымен мал шаруашылығы мәселелері жөніндегі Кеңесте және ҚР Президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаевпен кездесуде ректордың м.а. ретінде сөз сөйледі.
Бұған дейін ҚазҰАЗУ ректорының міндетін атқарушы 2011 жылдан бастап осы ЖОО-ның бірінші проректоры болып қызмет атқарған Қанат Тіреуов болған. Қараша айының басында Қанат Тіреуов Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің басқарма төрағасы болып тағайындалды.
Осы жылдың қазан айында Ақылбек Күрішбаев басқа жұмысқа ауысуына байланысты Сенат депутатының өкілеттігін мерзімінен бұрын тастады. Ол ғылыми салада жұмысын жалғастыратынын мәлімдеді.
Сенатта Күрішбаев Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің хатшысы болды. Ол Парламентке 2020 жылдың тамызында сайланды.
Бұған дейін ол С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры болып жұмыс істеген және астана мәслихатының депутаты болды.
2008 жылдан 2011 жылға дейін Ақылбек Күрішбаев ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігін басқарды.