Сингапур PSA ҚТЖ мен бірлесіп цифрлық көлік дәлізін құрады
"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы мен сингапурлық PSA International Pte Ltd компаниясы Азия – Еуропа цифрлық сауда дәлізін құру үстінде. Бұл бастаманы іске асыру Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру және жаһандық логистикалық экожүйедегі сенімді көлік хабы ретінде елдің имиджін нығайту жөніндегі міндеттерді шешуге мүмкіндік береді. Бұл туралы ҚТЖ баспасөз қызметі хабарлады.
ҚТЖ басшылығымен кездесуде сингапурлық компанияның өкілдері ҚТЖ мамандарымен бірлесіп PSA International Pte Ltd – Crimson Logic еншілес компаниясы әзірлеген бірыңғай цифрлық платформаны таныстырды. Жаңа жүйеде Calista-AE жеткізу тізбегін басқару бойынша сингапурлық онлайн-платформаның ҚТЖ ақпараттық жүйелерімен интеграциялану мүмкіндіктері пайдаланылды.
"Цифрлық шешімді Транскаспий халықаралық көлік бағытында қолдану жоспарлануда. Платформа клиенттер үшін сапалы және ыңғайлы сервис жасайды, халықаралық тасымалдаушылар үшін бағыттың тартымдылығын арттырады. Цифрлық формат мемлекеттік органдармен және экспедиторлармен ашық өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді. Транзиттік жүктерді ресімдеу кезінде қағаз құжат айналымын алып тастаудан басқа, жүктерді жеткізу мерзімі қысқарады", - деп хабарлады Ұлттық компания.
Тақырып бойынша оқу: Сингапур Ақтау портындағы контейнерлік хаб жобасына қатысуға ниетті
PSA International Pte Ltd-26 елде терминалдары бар әлемдегі ең ірі порт операторларының бірі.