Демалыс күндері Қазақстанның батысында қатты ыстық болып, қалған аймақтарында жаңбыр жауады
«Қазгидромет» 4-6 шілде аралығында Қазақстандағы ауа-райын ұсынды.
«Қазақстанның көптеген аймақтарында ауа-райы құбылмалы болады, жаңбыр жауып, кейде күн күркірейді, жел тұрып, бұршақ жаууы мүмкін», - дейді синоптиктер.
Болжам бойынша, түнде республиканың солтүстігінде және орталығында ауа температурасы біртіндеп 5-10 дейін түседі, кейбір жерлерде 13 градусқа дейін төмендейді.
Тек Қазақстанның батысында Иран аймақтарынан жеткен құрғақ ауа массаларының әсерінен ауа райы жауын-шашынсыз болады, ауа температурасы түнде 17-25 дейін, күндіз 32-40 градусқа дейін көтеріледі.
Синоптиктердің ескертуі бойынша, 4 шілдеде Қарағанды облысында жаңбыр жауып, бұршақ түсуі мүмкін.
Солтүстік Қазақстан облысының кей жерлерінде найзағай ойнап, түнде және таңертең тұман болады.
4 шілдеге қараған түні Ақмола облысының кей жерлерінде қатты жаңбыр жауады, түнде және таңертең тұман болады. Солтүстік-батыстан күндіз 15-20 м / с жел тұрады.
Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында қатты ыстық болып, 35-38 градусқа дейін жетеді деп күтілуде.