Владимир Петров "ҚТЖ-жүк тасымалын" қайта басқарды
Владимир Петров "ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС бас директоры (басқарма төрағасы) болып тағайындалды. Ол компания басшысының міндеттерін атқаруға 29 тамызда кірісті Бұл туралы ElDala.kz порталына ҚТЖ баспасөз қызметі хабарлады.
Бұған дейін Владимир Петров ҚТЖ-ЖТ бас директоры болып жұмыс істеген, бірақ 2022 жылдың қараша айында Қазақстанда теміржол арқылы жүк тасымалдау жағдайының асқынуы аясында бұл қызметтен шеттетілген болатын. Трейдерлер вагондарды беру мен жөнелтудің кешігуіне шағымданды, ал пойыздардың Қазақстан аумағы арқылы өту уақыты әдеттегі мерзімнен екі есе өсті. Нәтижесінде теміржол желісінде 500-ден астам қараусыз қалған пойыздар жиналды.
ҚТЖ ақпараты бойынша, Владимир Петров Алматы теміржол көлігі инженерлері институтын "Теміржол көлігінде тасымалдауды ұйымдастыру және қозғалысты басқару" мамандығы бойынша бітірген. DBA "іскерлік әкімшілендіру докторы" бағдарламасы бойынша оқудан өтті. Батыс Қазақстан темір жолының Қандағаш станциясының поезд диспетчері, жедел жұмыс жөніндегі орынбасары, Ақтөбе жүк тасымалы филиалының техникалық бөлімінің бастығы, "ҚТЖ" ҰК АҚ-"Тасымалдау процесінің дирекциясы" филиалының директоры, "ҚТЖ" ҰК АҚ Басқарма төрағасының кеңесшісі болып жұмыс істеді.
"ҚТЖ-Жүк тасымалы" компаниясында Владимир Петров әр жылдары интеграцияланған жоспарлау жөніндегі атқарушы директор, бас инженер, интеграцияланған жоспарлау және ақпараттандыру жөніндегі вице-президент, бас директор лауазымдарын атқарды.
Владимир Петров "Құрмет" орденімен, "Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл" медалімен, "Адал еңбегі үшін" төсбелгісімен, "Қазақстан темір жолына 100 жыл" мерейтойлық медалімен, "Құрметті теміржолшы" белгісімен марапатталған.