Егін алқаптарын ерікті сақтандыруды 57 фермер қолданды
Биылғы 2020 жылы басталған өсімдік шаруашылығын ерікті түрде сақтандыру шараларын елімізде 57 фермер пайдаланды. Бұл туралы ОКҚ-да өткен брифингте ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді.
«Бүгінгі таңда 57 ауыл шаруашылығының өкілдері 167 млн. теңгеге егіндерін сақтандырды, яғни бұл бағытта жұмыс белсенді түрде жүргізілуде» - деді А.Сапаров.
Ол 2019 жылдың аяғына дейін Қазақстанда өсімдік шаруашылығында міндетті сақтандыру болғанын еске салды. Сақтандыру болмаған жағдайда, фермерлерге айыппұлдар қолданылатын. Фермерлердің өтініші бойынша заңға түзетулер енгізіліп, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, ерікті түрдегі АӨК-ті сақтандырудың жаңа жүйесі күшіне енді.
«Жаңа сақтандыру жүйесін қолданғысы келетін фермерлер үшін мемлекет сақтандыру жарнасының 59% -ын субсидиялайды. Қазіргі уақытта дәл осындай сақтандыру жүйесі мал шаруашылығына арналып та жасалуда», - деп түйіндеді ойын вице-министр.
Бұған дейін хабарланғандай, қазақстандық фермерлер егінді құрғақшылықтан спутниктің көмегімен сақтандыра алады.