Қазақстанда Агротехнологиялық хаб құрылады
Қазақстанда Агротехнологиялық хаб құрылады. Хабтың міндеттеріне агроөнеркәсіптік кешенді талдау, стратегиялық болжамдар жасау және білікті кадрлар даярлау кіреді. Бұл туралы Сенаттағы Үкімет сағатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді.
«Мемлекет басшысы Қазақ ұлттық аграрлық университетінің негізінде ғылыми-зерттеу институттарын енгізе отырып, халықаралық деңгейдегі Ауыл шаруашылығы зерттеу университетін ұйымдастыруды тапсырды. Бұл жұмысты соңына дейін жеткізу керек. Ол үшін біз Қазақ ұлттық аграрлық университетінің құрамына төрт ғылыми-зерттеу институтын сенімгерлік басқаруға бере отырып, пилоттық жобаны іске асыру туралы үш жылға шешім қабылдадық», - деді министр.
Ол пилоттық жоба сәтті іске асырылған жағдайда оны кеңейту жоспарланып отырғанын атап өтті.
«Біз «білім-ғылым-өндіріс» форматында аграрлық ғылымды дамытуға және Агротехнологиялық хаб құруға бағытталғанбыз», - деп нақтылады Сапаров.
Агротехнологиялық хаб елдің агроөнеркәсіптік кешеніне талдау жүргізеді және стратегиялық болжамдар жасайды. Сондай-ақ хабта білікті, сұранысқа ие кадрларды даярлаумен, ғылыми-зерттеу жұмыстарының сапасын арттырумен және белгілі шетелдік агро-ғылыми орталықтармен халықаралық ынтымақтастық арқылы жаңа технологиялар мен білім трансфертін қалыптастырумен айналысады.
Бұдан басқа, ғылыми-зерттеу жұмыстарының сапасына тұрақты мониторинг жүргізілетін болады, ал олардың нәтижелерін өндіріске енгізу және көбейту жоспарлануда.
Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, ғылымды дамыту саласындағы осы және басқа да шаралар Агроөнеркәсіптік кешендегі еңбек өнімділігін 2,5 - 3 есе арттыруға мүмкіндік береді.