Ақтауда құрамында азот бар бірегей тыңайтқыш өндірілетін болады
Ақтауда испандық инвестормен бірлесіп аммиак-карбамид кешені салынады, бұл Қазақстан үшін жаңа өнім – карбамид шығаруды жолға қоюға мүмкіндік береді. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, ElDala.kz хабарлайды.
Карбамид – кез-келген топыраққа жарамды бірегей азотты тыңайтқыш.
«Біз Tecnicas Reunidas компаниясының Ақтаудағы жаңа аммиак-карбамид кешенінің, сондай-ақ Атырау облысындағы полиэтилен өндірісінің жобалық құжаттамасын әзірлеу шеңберінде «ҚазАзотпен» және «ҚазМұнайГазбен» ынтымақтастығын құптаймыз», - деді Әлихан Смайылов Tecnicas Reunidas компаниясының атқарушы төрағасы Хуан Лиадомен кездесуде.
Ол Үкімет экономиканың басым салаларында инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.
Өз кезегінде Хуан Лиадо Қазақстанда жұмыс істеу мүмкіндігіне ризашылығын білдіріп, көрсеткен қолдауы үшін алғысын білдірді.
«Біз осы екі өте маңызды жоба бойынша жұмысты бірнеше ай бұрын бастадық. Біз үздік шешімдерді іздейтінімізге және жергілікті компаниялармен серіктестікте тиімді құрылысты қамтамасыз ететінімізге сендіре аламын. Табысқа жету үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз», - деді компанияның атқарушы төрағасы.
Tecnicas Reunidas - өнеркәсіптік жобаларды жобалауға және жүзеге асыруға мамандандырылған испандық компания. Өзінің қызмет еткен жылдары ол әлемнің 60-тан астам елінде 1 мыңнан астам өнеркәсіптік кәсіпорындарды жобалап, құрылысын басқарды. 2020 жылы Tecnicas Reunidas Астанада кеңсе ашты.