ҚР Премьер-Министрі кәсіпкерлерге расталған ҚҚС сомасын қайтаруды тапсырды
Үкімет отырысы барысында ҚР премьер-министрі Олжас Бектенов бизнеске ҚҚС-тың расталған сомаларын қайтаруды, сондай-ақ салықты қайтару рәсімін оңайлату жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.
«2023 жылы бизнеске ҚҚС қайтарылды, бұл ретте бизнес субъектілері 600 млрд теңгеге жуық қаражатты ала алмады. Ал бұл тауарлар экспортын жүзеге асыратын 485-ке жуық компания. Осылайша, бизнестен айналым қаражаты алынды. Бұл кәсіпкерлердің құқықтарын бұзу. Осыған байланысты Қаржы министрлігі бизнеске ҚҚС-тың расталған сомасын қайтаруы қажет», - деді Бектенов.
Сондай-ақ, премьер-министр ҚҚС қайтару рәсімін оңайлату жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.
«Бұл ретте, өтелген ҚҚС сомасын бизнес өз қызметін жаңғыртуға және кеңейтуге қайта инвестициялайтын тетіктерді пысықтауды тапсырамын», - деді ол.
Қаржы министрі Мәди Такиев хабарлағандай, экспорттаушыларға ҚҚС бойынша жалпы берешектің жартысы қайтарылды.
«Соңғы екі айда біз экспорттаушыларға ҚҚС қайтару бойынша жалпы берешектің жартысына жуығын бюджеттен қайтардық. Бұл жұмыс жалғасады», - деді Такиев.
Оның айтуынша, наурыз айында ҚҚС қайтару рәсімдері қайта қаралды. Салықтық талдау жүргізу тәсілдерінің өзгеруін және бұзушылықтарды пысықтауды ескере отырып, ҚҚС қайтаруды растау үлесі ұлғаяды деп күтілуде. Сондай-ақ, мамандар осы процедураның жеделдігін қамтамасыз ететін аналитикалық жүйені әзірлейді.
Бұған дейін ҚҚС қайтарылмау мәселесі туралы ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаушылар бірнеше рет шағымданған болатын. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қыркүйек айында ҚҚС қайтару мәселесін шешуді және салықтық жеңілдіктерді ретке келтіруді тапсырды.