Түркістан облысындағы су тасқынынан зардап шеккен ауыл шаруашылық алқаптарға егін егілді
Түркістан облысының Мақтаарал және Жетісай аудандарында су тасқыннан зардап шеккен 3,4 мың гектар жер қайта қалпына келтіріліп өңделіп, ауыл шаруашылық дақылдары егілді. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Аграршылар көктемде төтенше жағдайдан зардап шеккен аймақтарда мақта, бақша дақылдары, күріш пен жүгері өсіруді жоспарлап отыр.
Әкімдіктің мәліметінше, үстіміздегі жылдың мамыр айында Өзбекстанда орналасқан су бөгетінің бұзылуынан Түркістан облысындағы мыңнан астам үй бүлініп, 5,9 мың гектар егіс алқаптары су астында қалып, көптеген өндірушілер зардап шеккен болатын. Ауыл шаруашылығы мамандары жасаған есеп бойынша, келтірілген залал мөлшері 1,142 млрд теңгені құрайды.
«Аталған зиян мөлшерін «Қазақ мақта өсіру ғылыми-зерттеу институты» ЖШС ұсынған технологиялық карта негізінде 1 га құны мен өткен жылғы 1 кг егіннің статистикалық бағасына негізделіп есептеді. Бұл есепті үкіметке облыстық ауыл шаруашылық басқармасы ұсынды», - деп атап өтті баспасөз қызметі.
Егін егуге көмектесу үшін көрші Өзбекстаннан 42 ауыл шаруашылық техникасы мен 243,6 тонна мақта тұқымы әкелінді. Сонымен қатар, зардап шеккен еңбеккерлерге жалпы сомасы 1,2 млрд. теңге көлемінде ақшалай өтемақы төленді.
«Ауыл шаруашылық жерлер толығымен дезинфекцияланып, тазаланды, ветеринарлық қауіпсіздік шаралары жасалды», - деп хабарлады әкімдіктен.