Қазақстанда егін егуге қосымша 400 млрд теңге тартылады
Көктемгі дала жұмыстарына несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға қаражат бөлу есебінен қосымша 400 млрд теңгеге дейін тартылатын болады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомствода еске салғандай, 2024 жылы егіс жұмыстарын жеңілдетілген несиелеу үшін Аграрлық несие корпорациясы арқылы 140 млрд теңге және Азық-түлік корпорациясы арқылы 40 млрд теңге сомасында бюджет қаражаты жұмсалған.
Осы қаражатты ескере отырып, ҚР АШМ бағалау деректері бойынша көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру тапшылығы шамамен 1,3 трлн теңгені құрайды. Осыған байланысты Үкімет егіс науқанын жүргізуге қаржыландыруға қолжетімділікті арттыру үшін жұмыс істеуде. Президенттің тапсырмасы бойынша несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға қаражат бөлу есебінен қосымша 400 млрд теңгеге дейін тартылатын болады.
«Осы мақсаттар үшін Үкімет резервінен 60 млрд теңге бөлінетін болады, олар тартылған қарыздарды арзандатуға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өндірушілерінің қарыздарына кепілдік беру мақсаттарына бағытталатын болады. Бұл тәсіл ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін егіс жұмыстарын жүргізуге жылдық 5%-бен кредиттік қаражатты бірден беруге және жеткілікті кепілмен қамтамасыз ету болмаған жағдайда қарыз сомасының 85%-на дейін кепілдік беруге мүмкіндік береді», - деп хабарлады ведомстводан.
АШМ деректері бойынша ереже жобасы бүгін келісуге бағытталатын болады.
Сондай-ақ, бүгінгі таңда Азық-түлік корпорациясы көктемгі егіс жұмыстарын қосымша қаржыландыру үшін 200 мың тонна астыққа арналған тауарлық несие бағдарламасын іске асыруды бастады.