15 мая 2024 Қазақстан

Қырғызстанмен шекарада қоймалар мен өндірістер кешені салынады

Мәжіліс депутаттары Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтері арасындағы «Ақ-Тілек» және «Қарасу» автожол өткізу пункттері ауданында индустриялық сауда-логистикалық кешен құру және оның қызметін реттеу туралы Келісімді ратификациялауды мақұлдады.

Мәжіліс отырысында ҚР сауда және интеграция министрінің м.а. Қайрат Төребаев хабарлағандай, кешен Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында «Ақ-Тілек» және «Қарасу» өткізу пункттерінің жанында салынады. Ол өндірістік алаңдардан, тауарларды сақтауға арналған қоймалардан, сондай-ақ көлік-логистикалық инфрақұрылымнан тұратын болады.

«Кешенді құру шеңберінде сүт, ет, жидек-көкөніс, тоқыма және фармацевтика өнімдерін өндіру сияқты кооперациялық жобаларды іске асыру үшін жағдайлар жасалатын болады», - деп атап өтті Төребаев.

Кешенді құру Қырғызстанмен сауда-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.

Ол кешенді құру және оның қызметін реттеу туралы үкіметаралық келісімге 2023 жылғы 9 маусымда Астанада қол қойылғанын еске салды. Келісімге сәйкес, Индустриялық сауда-логистикалық кешеннің қазақстандық және Қырғыз бөліктері шекаралық белдеуден тыс орналасқан.

«28 наурызда Жамбыл облысының әкімдігі инвесторды іріктеу бойынша байқау жариялады, ол кейіннен кешенді басқарады және оның резиденттеріне сервистік қызметтер көрсетеді. Ағымдағы жылдың 19 сәуірінде қайта байқау жарияланды. Алайда, өтінімдердің болмауына байланысты бұл байқаулар өткізілген жоқ. Ағымдағы жылдың мамыр айында қайта байқау жариялау жоспарлануда», - деп нақтылады министрдің міндетін атқарушы.

Оның айтуынша, кешен салудан басқа, әлеуетті инвестордың алдына инженерлік инфрақұрылымды жүргізу шарттары қойылған. Кешенді салу бойынша одан әрі жұмысты жергілікті атқарушы орган инвестормен бірлесіп жүргізетін болады.

«Келісімді ратификациялау өңір экономикасының дамуына, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы сауда және экономикалық байланыстарды нығайтуға қолайлы әсер етеді және тауар айналымын 3 млрд долларға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді», - деп түйіндеді Төребаев.