13 июня 2024 Қазақстан

Швейцариялық компания Қазақстанда аграрлық қор құрады

Швейцариялық INOKS Capital компаниясы Қазақстанның аграрлық өнеркәсібіндегі инвестициялық қызметті кеңейтуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, аграрлық қор құру және инвестициялар туралы келісім жасасу жоспарлануда. Ынтымақтастық мәселелерін ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов пен швейцариялық компанияның бас директоры Набиль Марк Абдул-Масих талқылады. Бұл туралы KAZAKH INVEST хабарлады.

Қазіргі уақытта компания Qazaqstan Investment Corporation компаниясымен аграрлық қор құру бойынша келіссөздер жүргізуде.

INOKS Capital өкілдері компанияның қарқынды бақтардың екінші кезеңі, құрама жем зауытын кеңейту, сондай-ақ Жамбыл өңіріндегі қант зауытын жаңғыртуға инвестициялау сияқты қолданыстағы инвестициялық жобаларды кеңейту жөніндегі жоспарлары туралы айтып берді. Компания шикізатты жергілікті және шетелдік нарықтардан сатып алуды жоспарлап отыр. Жоспарланған инвестициялардың көлемін ескере отырып, компания инвестициялар туралы келісімге қол қою мүмкіндігін қарастыруда.

Ғабидолла Оспанқұлов компанияның жоспарларын қолдап, ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен инвестициялық штабтың жұмысы туралы айтты.

«Біздің жұмысымыздың бағыттарының бірі шетелдік инвесторларды қолдау болып табылады. Штаб құрылымының арқасында бізде туындайтын барлық сұрақтарға жедел ден қоюдың бірегей мүмкіндігі бар. Штаб қабылдаған шешімдер міндетті болып табылады. Біз сондай-ақ Қазақстанда инвесторлардың жобаларын неғұрлым ыңғайлы сүйемелдеу үшін нормативтік құқықтық негізді жақсарту бойынша тұрақты жұмыс жүргізіп жатырмыз», - деді ол.

Сондай-ақ, комитет басшысы швейцариялық инвесторларға инвестициялар туралы келісім мен арнайы инвестициялық келісімшарттар жасасудың артықшылықтары туралы айтып берді.

Швейцариялық INOKS Capital компаниясы ТМД және Африка елдерінің дамушы нарықтарының өңдеу секторларында жобаларды іске асыруда. 2020 жылдан бастап компания Қазақстанның аграрлық өнеркәсібінде бірнеше жобаны жүзеге асырды. Олардың ішінде Алматы облысында жеміс бақтарын отырғызу, сондай-ақ «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА-да құрама жем өндіру зауытын салу.