Тоқаев аграрийлерді қолжетімді несиелендірумен қамтамасыз етуді тапсырды
Фермерлерді қажетті айналым қаражатымен қамтамасыз етуді және АӨК-ні тікелей субсидиялаудан қолжетімді несиелендіруді қамтамасыз етуге біртіндеп көшуді Қазақстанның президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырды. Бұл туралы ол жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында айтты.
«Биыл көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру екі есеге артты. Бірақ тұтастай алғанда АӨК-ні қаржыландыру 70% мемлекет есебінен жүзеге асырылады, салаға коммерциялық банктердің қаражатын тарту қажет. Аграрийлерге төмендетілген мөлшерлеме бойынша несиелер беру үшін мемлекеттік қаржы институттарын субсидиялау бойынша жұмыс жүргізілді. Бұл тәжірибені банктерге тарату керек», - деді Мемлекет басшысы.
Ол аталған секторда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту және несие беру рәсімін жеңілдету қажеттігін атап өтті. Бұл ретте бөлінетін барлық қаражат тиімді пайдаланылуы тиіс. Алайда, жоспарлау кезінде мемлекеттік органдар сүйенетін дұрыс емес деректер ауыл шаруашылығындағы нақты жағдайды бағалауға мүмкіндік бермейді.
«Арнайы комиссия қазірдің өзінде ешқашан болмаған 2 млн бас ірі қара және 3 млн-нан астам ұсақ мал басын анықтады. Дәл осындай фактілер өсімдік шаруашылығында да анықталды. Бұл негізінен мемлекеттік субсидиялар бөлінген тіркеулер. Мұндай қылмыстық тәжірибені тоқтатып, онымен айналысқандарды жауапкершілікке тарту керек», - деп тапсырды Қасым-Жомарт Тоқаев.