06:39 Мал шаруашылығы

Үкімет мал шаруашылығын несиелендіру бағдарламаларын кеңейтуге дайындалып жатыр

Қазақстанда асыл тұқымды ІҚМ және ұсақ мал сатып алуды қаржыландыруды көздейтін мал шаруашылығын несиелендірудің жаңа бағдарламалары іске қосылды. Жақын арада ауыл шаруашылығы жануарларының басқа түрлері бойынша несие беру бағдарламаларын кеңейту күтілуде. Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Вице-премьер - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің Ақмола облысының фермерлерімен кездесуінде мал шаруашылығын дамыту жоспары талқыланды. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин атап өткендей, мал шаруашылығын дамытудың қабылданған жоспары саланың жүйелі мәселесін – бүкіл өндірістік тізбек бойынша қолжетімді қаржыландыру тапшылығын шешуге бағытталған. Оны іске асыруға 374 млрд теңге қарастырылған.

Наурыз айының басынан бастап жылдық 6%-дан аспайтын белгіленген мөлшерлемемен «Игілік» және «Береке» жаңа кредиттік өнімдері іске қосылды. Олар асыл тұқымды мал сатып алуға бағытталған:

  • «Игілік» – 100-ден 500-ге дейін ІҚМ және 500-ден 1000-ға дейін ұсақ мал басын ұстайтын шаруашылықтар үшін;
  • «Береке» — 500 бас ІҚМ және 1000 бас ұсақ мал ұстайтын ірі шаруашылықтар үшін;

Серік Жұманғарин импортқа тәуелділік сақталатын азық-түлік өндірісін дамыту, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді тереңдету басымдық болып қалатынын атап өтті. Оның айтуынша, мемлекет саланы қолдау құралдарын күшейтуде, бұл ретте 2026 жылы мал шаруашылығын елдің бәсекелестік артықшылығы ретінде дамытуға басты назар аударылды.

Кездесу барысында Салық кодексіндегі өзгерістер де талқыланды. Ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін негізгі салық жеңілдіктері сақталғаны атап өтілді: корпоративтік табыс салығы бойынша мөлшерлеме - 3%, әлеуметтік салық бойынша - 1,8%-ды құрайды, бұл ретте жер, мүліктік және көлік салықтары 70%-ға төмендетілді. Бұдан басқа, ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін ҚҚС бойынша жүктемені 2026 жылдан бастап 80%-ға дейін қосымша төмендету көзделген, бұл салаға салық жүктемесін іс жүзінде төмендетеді.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесу барысында аграршылар бірқатар ұсыныстар айтты. Атап айтқанда, «Родина» Агрофирмасының басшысы Иван Сауэр жер ресурстарына байланысты тиімділіктің нақты нысаналы көрсеткіштерін белгілеуді және мемлекеттік қолдау көрсету кезінде оларды ескеруді ұсынды. Сондай-ақ, ол жыл бойы жайылымдық мал шаруашылығын дамыту қажеттігін атап өтті, бұл оның табыстылығын сақтауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, аграршы селекциялық жұмыстарды, атап айтқанда, қолдан ұрықтандыруды дамытуға және отандық және импорттық асыл тұқымды малды субсидиялау шарттарын теңестіруге баса назар аударды. Оның айтуынша, отандық асыл тұқымды мал шетелдіктерден кем түспейді және жергілікті жағдайларға толықтай бейімделген.