Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге 32 млрд теңгенің жеңілдетілген несиесі бағытталады
Ауыл шаруашылығы министрлігі жақын арада ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындарын айналым қаражатымен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Осы мақсатта Үкімет резервінен қайта өңдеушілер үшін айналым қаражатын несиелеуге 4,8 млрд теңге субсидия көзделетін болады. Бұл туралы АШМ баспасөз қызметі хабарлады.
АШМ-де өткен кеңесте ведомство басшысы Айдарбек Сапаров хабарлағандай, аталған қаражатты бөлу кәсіпорындарды 31,8 млрд теңге көлемінде жеңілдікті несиелермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, министр Аграрлық несие корпорациясына қысқа мерзімде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындарының сыйақы мөлшерлемесі бойынша жылдық 5%-дан аспайтын шикізат сатып алуы үшін жеңілдікті несие беру бағытында шаралар қабылдауды тапсырды.
Сондай-ақ, министр мемлекет басшысының жуырдағы Жолдауында екінші деңгейдегі банктерді агроөнеркәсіптік кешенді қаржыландыруға тарту жөнінде ұсыныстар енгізуді жеделдетуді тапсырғанын атап өтті.
«Бұл бағыттағы жұмыс қазірдің өзінде басталды. Екінші деңгейдегі банктерді АӨК-ні несиелеуге сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау құралын қайта қарау есебінен тарту жоспарлануда. Ағымдағы жылы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын несиелеу кезінде біз фермерлер бірден арзандатылған қарыз алған кезде сыйақы мөлшерлемесін арзандату тетігін қолдандық. Келесі жылы ұқсастық бойынша айналым қаражатын алуға қайта өңдеу кәсіпорындарын жеңілдікпен қаржыландыру іске қосылады», - деді Айдарбек Сапаров.