Қазақстанда Ұлттық инвестициялық платформа іске қосылды
Қазақстанда Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа таныстырылды. Алаң инвестициялық жобаларды жедел сапалы сүйемелдеуді қамтамасыз етуге және инвестициялық қызметтің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді, деп хабарлады Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Инвестициялық платформа ҚР премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің қатысуымен өткен республикалық кеңесте таныстырылды. Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұловтың айтуынша, платформада ашық қолжетімділікте жаңа кәсіпорындар салу үшін бос учаскелер, мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат жаңартылатын болады. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметтер үшін жасыл дәліз, прокурорлық сүзгі модулі қарастырылған.
«Инвестициялар тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз етуде және экономиканы әртараптандыруда шешуші рөл атқарады. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым және басқалары сияқты нақты секторға инвестицияларды тиімді тарту және игеру орталық және жергілікті атқарушы органдардың маңызды міндеті болып табылады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулы құрылып, ұлттық цифрлық инвестициялық платформа іске қосылды», – деді Серік Жұманғарин.
Өз кезегінде Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жаңа платформа кәсіпкерлерге де, мемлекеттік органдарға да, қаржы институттарына да тиімді болатынын атап өтті. Бұл инвесторлардың проблемалық сұрақтарына уақтылы жауап беруге мүмкіндік береді.