12:27 Қазақстан

Қазақстан Венгриямен тұқым шаруашылығы мен асыл тұқымды мал өсірудегі бірлескен жобаларды жоспарлап отыр

Қазақстанның Будапешттегі бірінші сауда-экономикалық миссиясы аясында Қазақстанның сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, Венгрияның ауыл шаруашылығы министрі Иштван Надь және сыртқы істер және сауда министрінің орынбасары Мадиьяр Левенте тұқым шаруашылығы және асыл тұқымды мал өсіру саласындағы бірлескен жобаларды іске асыруды талқылады, деп СИМ баспасөз қызметі хабарлады.

«Егер Қазақстанда бірде-бір тауар сатпасақ та, біз сіздермен тиімді ынтымақтаса аламыз. Өйткені біздің ортақ компанияларымыз, мысалы, Қытайда немесе Ресейде тауарларды бірге сата алады. Тауар айналымын бірге арттырайық. Өйткені сіз бажсыз сауда жасай аласыз, ал біз өз технологияларымызды, тұқым немесе мал шаруашылығындағы генетикамызды бере аламыз», - деді Венгрияның ауыл шаруашылығы министрі Иштван Надь.

Ол Венгрияның ұлттық саябағында ұзақ процестің арқасында бір кездері қазақ даласында өмір сүрген жылқы түрін қалпына келтіруге қол жеткізілгенін атап өтті.

«Бірақ сізде бұл түр жойылып кетті, қазір бізде ғана бар. Біз сізге осы малдың жартысын алып барамыз, сонда олар генетикалық жолмен берілген далада өмір сүре алады. Экономикалық және азық-түлік себептерінен басқа, бұл қадам осында қандай да бір ауру болған жағдайда жылқының осы түрі үшін қауіпсіздік мәселелерін арттыруға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Венгрияның ауыл шаруашылығы министрі.

ҚР сауда министрі өз кезегінде Венгрия Орталық және Шығыс Еуропадағы маңызды сауда-экономикалық серіктестердің бірі екенін атап өтті.

«2024 жылы өзара сауда көлемі шамамен 200 млн долларға жетті. Біз экспорттың құрылымын 95 позиция бойынша әртараптандыруға ниеттіміз. Атап айтқанда, металлургия, машина жасау, азық-түлік және құрылыс тауарлары сияқты салаларда экспортты 700 млн долларға дейін ұлғайту. Сауда - бұл ынтымақтастық үдеткіші. Біздің елдеріміз үшін сатып алу-сату емес, бірлесіп өндіру және іске асыру қағидаты маңызды», - деп атап өтті Арман Шаққалиев.

Естеріңізге сала кетейік, венгриялық инвесторлардың қатысуымен Қазақстанда аграрлық салаға арналған төрт зауытты қамтитын ірі жобаны іске асыру жоспарлануда: бір зауыт – Алматы облысында премикс өндіру бойынша, екіншісі – Қостанайда құрама жем зауыты, үшіншісі – Қарағанды облысының Саран қаласында, төртіншісі - Түркістанда салынатын болады. Жалпы инвестициялар 62 млн долларды құрайды.

Қазақстанның сауда-экономикалық миссиясына 20-ға жуық қазақстандық кәсіпорын қатысты. Миссияның қорытындысы бойынша QazTrade пен Венгрия сауда-өнеркәсіп палатасы (MKIK), сондай-ақ Венгрия экспортын ілгерілету агенттігі (HEPA) арасында өзара ынтымақтастық туралы келісімдер жасалды.

Сауда-экономикалық миссияның маңызды жаңалығы Венгрияда Қазақстандық өнімді венгр және еуропалық нарықтарда ілгерілетуге көмектесетін, сондай-ақ жаңа клиенттерді іздеуге қолдау көрсететін QazTrade компаниясының Серіктестік кеңсесін анықтау болды. Аталған кеңсе қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалуына мониторинг жүргізеді және іскерлік байланыстарды белсенді қолдайды деп күтілуде.

Қазақстан мен Венгрия арасындағы жалпы тауар айналымы 2024 жылы 195,8 млн долларды құрады, бір жыл бұрын ол 182,5 млн доллар болған, өсім 4,4% құрады. Қазақстаннан экспорт 12,3%-ға 5,3 млн долларға дейін, ал Қазақстанға импорт 4,2%-ға 190,5 млн долларға дейін ұлғайды.