17 апреля 2025 Қазақстан

Қазақстанда 1 млн тонна жүгері өңдеу зауыты салынуда

Жамбыл облысының Шу ауданында, JIBEK Joly АЭА маңында жүгеріні терең өңдеуге маманданған Fufeng Group компаниясының өнеркәсіптік паркінің құрылысы басталды. Бұл туралы KAZAKH INVEST баспасөз қызметі хабарлады.

Жоба Қазақстанның агроөнеркәсіптік секторындағы ең ірі жобалардың біріне айналады. Инвестициялардың жалпы көлемі 800 млн долларды құрайды, қайта өңдеудің жоспарланған көлемі - жылына 1 млн тонна жүгері. Жобаның бірінші кезеңі 2025 жылдың IV тоқсанында іске асырылады, зауыт 2026 жылы толық қуатына шығады. Жоба лизин, натрий глутаматы, ксантан шайыры және жемшөп аминқышқылдары сияқты қосылған құны жоғары өнімдер шығаруды қамтамасыз етеді. Бұл өнімнің бағасы бастапқы шикізат құнынан 10-15 есе жоғары.

Жобаның инфрақұрылымына крахмал қант зауыты, үш амин қышқылын ашыту зауыты және ағынды суларды тазарту станциясы кіреді. Болашақта тұз қышқылы және сұйық аммиак сияқты химиялық компоненттерді өндіруді ұйымдастыру жоспарлануда. Өнімдер Еуропалық Одаққа, Солтүстік Африкаға және Таяу Шығысқа экспортталады. Сондай-ақ, Fufeng Group жергілікті фермерлермен тыңайтқыштар, заманауи агротехнологиялар және офтейк-келісімшарттар шеңберінде кепілді өткізу арқылы ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнатуды жоспарлап отыр.

«Fufeng жобасы - ведомствоаралық кешенді жұмыстың көрнекі нәтижесі: Шанхайдағы алғашқы келіссөздерден бастап капсула салуға дейін бір жылдан аз уақыт өтті. Бұл 800 млн жеке капитал және 1500 жаңа жұмыс орны. Біз үшін капиталды тартып қана қоймай, технологияларды тарту, жергілікті еңбек нарығының біліктілігін арттыруды және өңірлерге, нақты секторларға, адамдардың өміріне инвестициялардың орнықты интеграциясын қамтамасыз ету маңызды», - деді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров өнеркәсіптік парктің құрылысын бастау рәсімі барысында.

KAZAKH INVEST басқарма төрағасы Ержан Елекеев жоба қуатты экономикалық серпін беріп қана қоймай, бүкіл өңір үшін маңызды әлеуметтік рөл атқаратынын атап өтті.

«Fufeng шикізатты жергілікті фермерлерден сатып алатын болады - бүгін қазақстандық аграрийлермен 2025 жылы 300 мың тонна жүгері жеткізуге оффтейк-келісімшарттар жасалды. Болашақ зауыттың өнімдері агроөнеркәсіптік кешенде, тамақ, фармацевтика және химия өнеркәсібінде пайдаланылатын болады. Лизин, натрий глутаматы, ксантан шайыры және басқа компоненттер ішкі нарықта да, шетелде де - мал шаруашылығында, тамақ, жем, косметикалық және дәрілік заттар өндірісінде сұранысқа ие», - деді ол.