Кеше Қазақстан

Америкалық LanzaJet Қазақстанда органикалық шикізаттан авиаотын өндіруге ниетті

Қазақстанда SAF (Sustainable Aviation Fuel) экологиялық таза авиаотын өндіру зауытының құрылысын премьер-министр Олжас Бектенов америкалық LanzaJet компаниясының бас атқарушы директоры Джимми Самарицпен және коммерциялық қызмет жөніндегі вице-президент Стефан Тионмен талқылады, деп үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Қостанай облысының Рудный қаласында зауыт салу жоспарлануда. Болашақ кәсіпорынның қуаттылығы – жылына 54 мың тонна авиаотын және 100 мың тоннаға дейін биоэтанолды қайта өңдеу. Бүгінгі таңда зауыттың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу аяқталды.

LanzaJet органикалық (астық, жүгері, картоп және т.б.) шикізаттың әртүрлі түрлерінен алынған этанолдан жасалған экологиялық таза SAF авиаотынын өндіру технологиясын әзірлеушісі болып табылады.

Жоба «жасыл» авиацияны дамытуға және АӨК-те тереңдетіп өңдеуге бағытталған. Биоотын өндірісі парниктік газдар шығарындыларын азайтуды қамтамасыз етеді.

«Әуежайлардың қуатын кеңейтуден және инфрақұрылымды салудан басқа, саланы сапалы және экологиялық таза авиаотынмен қамтамасыз ету мәселесі маңызды болып табылады. Біз ынтымақтастықты кеңейтуге дайынбыз. Үкімет бұл жобаға жан-жақты қолдау көрсетеді», - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Кездесуге қатысушылар Қазақстанда тұрақты авиациялық отын өндіру бойынша жобаның негізгі бағыттарын егжей-тегжейлі қарастырды. Lanza Jet компаниясының басшылығы тарапынан жобаны бірлесіп іске асыру үшін интеграцияланған құрылымды құру мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.

LanzaJet-ті Чикагода (АҚШ) бас кеңсесі бар жетекші американдық LanzaTech биоинженерлік компаниясы құрды. LanzaTech-пен қатар негізгі инвесторлар ірі трансұлттық корпорациялар болып табылады: International Airlines Group, Mitsui & Co., Ltd., Shell, Suncor Energy, British Airways, LanzaTech, Microsoft, Breakthrough Energy, All Nippon Airways (ANA), Airbus, Groupe ADP және т.б. Компанияның әлемдегі ең ірі авиакомпаниялармен ұзақ мерзімді офтейк-келісімдері бар.