Индонезия Қазақстаннан ет импорттауға мүдделі
Индонезия Қазақстаннан ет және басқа да аграрлық өнімдерді импорттауға мүдделі. Жеткізуді ұйымдастыру үшін сертификаттау және халал-стандарттарды өзара тану мәселелерін пысықтау ұсынылады. Бұл туралы QazTrade өкілдерімен кездесуде Индонезияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Мохамад Фаджрул Рахман мәлімдеді.
«Индонезия Қазақстаннан ет және басқа да АӨК өнімдерін импорттауға үлкен қызығушылық білдіреді. Біз ынтымақтастықты жандандыруға және өзара сауданы 1 млрд долларға дейін ұлғайтуға сенеміз», — деді Мохамад Фаджрул Рахман.
QazTrade ақпараты бойынша, тараптар Индонезия нарығы үшін қазақстандық өнімді сертификаттау және экспорттаушыларды Halal Expo және Expo Indonesia көрмелеріне қатысуға дайындау жөніндегі жұмысты жеделдетуге келісті.
«Біз Индонезия тарапынан қазақстандық экспортқа нақты қызығушылықты көріп отырмыз. Біздің міндетіміз — отандық компанияларға осы әлеуетті пайдалануға көмектесу. QazTrade Индонезиялық көрмелерге акселерацияға қатысушыларды дайындауды бастады», — деп атап өтті QazTrade экспортты дамыту жөніндегі бірыңғай оператордың басқарушы директоры Айнұр Әмірбекова.
QazTrade мәліметтері бойынша, 2024 жылы Қазақстан мен Индонезия арасындағы тауар айналымы өткен жылмен салыстырғанда 13%-ға артып, 400 млн долларға жетті. ЕАЭО мен Индонезия арасындағы еркін сауда аймағы туралы келісімге қол қою бұл көрсеткішті екі есеге арттырады деп күтілуде.