11:57 Қазақстан

Алматы облысында құны 344 млн доллар болатын сусындар өндірісі іске қосылады

Алматы облысында алкогольсіз сусындар шығаратын зауытты Carlsberg компаниясы салады. Жобаға инвестиция көлемі 344 млн долларға бағаланады. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметінен хабарлады.

Іле ауданында 17 га учаскеде жаңа зауыт салынады, өндірістік қуаты жылына шамамен 1 млрд литр сусын құрайды. 230-дан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Өнімдер PepsiCo лицензиясы бойынша шығарылады және Қазақстан мен Қырғызстан нарықтарына жеткізіледі. Зауыт 2026 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

СІМ компания жергілікті аралас өндірістерді дамытуға көп көңіл бөлетінін атап өтті. Топтың сатып алу құрылымындағы жергілікті қамту үлесі 80%-ды құрайды және Қазақстандық өндірушілерден толық көлемде сатып алынатын арпа, бидай, алюминий құты, шыны бөтелкелер, картон сияқты тауарларды қамтиды.

«Carlsberg Group компаниясының Қазақстандағы қатысуы жылдарында шамамен 640 млн доллар инвестицияланды. Инвестиция көлемі 344 млн доллар болатын жаңа жоба компанияның ұзақ мерзімді ниетін растайды және өңірдің тамақ өнеркәсібін дамытудың драйвері болады. Зауытты іске қосу жүздеген жұмыс орындарын ашады, жергілікті шикізатты пайдалануды кеңейтеді және елдің экспорттық әлеуетінің өсуіне үлес қосады», – деді ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов инвестициялық келісімге қол қою және жаңа зауыттың алғашқы тасын қалау салтанатты рәсімінде.

Carlsberg Group бас директоры Якоб Ааруп-Андерсен атап өткендей, зауыт халықаралық стандарттарға толық сәйкес келетін аймақтағы ең заманауи және тұрақты өндірістердің біріне айналады.